Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақ тілін өз ана тілімдей құрметтеймін

Сыр елінің сақшысы Борис Угай  қазақ тілін өзінің ана тіліндей құрметтейтінін айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Соңғы кездері қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің саны артуда. Бұл – тілегі бір отандастарымыздың қазақ еліне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін біліп қоймай, ұлтымыздың салт-дәстүрлерін де құрметтейді.

Қызылорда қаласының Полиция басқармасында да мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері қызмет етеді, солардың бірі – кәріс ұлтының өкілі Борис Угай.

Борис Угай Қызылорда қаласында 1986 жылы дүниеге келген. Қаладағы №198 орыс мектебін бітірген. Мектеп қабырғасында жүрген кезде қазақ тілін ерекше меңгеріп, өз қатарластарынан оза шапқан.

Қазіргі таңда Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторы лауазымында қызмет атқарады.

Ол қазақ тілін оқыту курстарына қатысып, білімін жетілдіріп отырады.

– Мен Қызылорда қаласында туып-өстім. Орыс тілінде білім беретін мектепте оқыдым. Оқып жүргенде қазақ тілі пәнінен тек бестік бағалар алатынмын. Тілге деген қызығушылығым мектеп қабырғасынан басталды. Орыс мектептерінің арасында қазақ тілі пәні бойынша өткен қалалық олимпиадада жүлделі орындарын иелендім. Қазақ тілін білуім жаңа таныстар мен достар табуыма да себепші болды. Қазақ балаларымен ойнап, бірге өстім. Алдағы уақытта тілді білу деңгейімді жетілдіруге тырысамын, – дейді үнемі ізденіс үстінде жүретін жас офицер.

Борис бірнеше жыл қатарынан ҚР ІІМ ұйымдастыруымен өткен «Парасатты полицей» республикалық сайысына белсене қатысты. Осы байқауда Қызылорда облысы Полиция департаментінің «Сыр сарбаздары» командасы түрлі шығармашылық тапсырмаларды орындау арқылы өздерінің алғырлықтарын, актерлік қабілеттерін, шеберліктерін паш етіп, «Өнерлі команда» номинациясы бойынша марапатталды.

Байқауда Борис өзін қазақ тілінде таныстырып, халық әндерін орындады.

Айта кету керек, Бористің анасы Елена Угайда 25 жыл ішкі істер органдарында қызмет атқарған, қазіргі таңда ҚР ІІМ еңбек сіңірген зейнеткері, запастағы полковник болып табылады. Анасы ұлына бала кезінен өте жақсы тәлім-тәрбие берген. Қазақ тілін жетік меңгерген тәртіп сақшысы өзге әріптестеріне де үлгі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру