Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақ тілін жетік меңгерген Алексей қызметінің қыр-сырымен бөлісті

Өскемен қаласындағы Гавань кентінің учаскелік полиция инспекторы Алексей Баландин қызметінің қыр-сырымен бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Жоғарғы Тайынты ауылының тумасы Алексей Павлович 2013 жылдан бері Ішкі істер органдарында қызмет атқарып келеді.

@bizdin_oskemen тілшісімен бірге рейд кезінде тәртіп сақшысының қазақ тілін еркін әрі сауатты меңгергені ерекше әсер қалдырған. Осы қабілетінің арқасында ол өзіне бөлінген аумақтағы әрбір тұрғынмен, мейлі ол жас әлде үлкен жастағы кісі, немесе басқа да ұлт өкілдері болсын, оңай тіл табысып кетеді. Тұрғындар Алексей Павловичтің әрдайым ашық-жарқын жүретінін, сұрақ болса мұқият тыңдап, әрбіреуіне жауап беріп, барлығына көмек көрсетуге тырысатынын атап өтті.

– Мен үшін мемлекеттік тілді білу жұмыста ғана қолданатын құрал емес, сонымен қатар азаматтармен жақсы қарым-қатынас орнатудың бірден-бір жолы. Өзім қадағалайтын аумақта әртүрлі жастағы және ұлт өкілдерімен байланыс орнатып, жұмыс жасаймын. Әңгімелесушімен оның тілінде сөйлессең, өз кезегінде ол бізге деген сенімін нығайтып әрі түсіністік қалыптастырады. Бұдан бөлек, қазақ тілі күнделікті өмірде де көп көмегін тигізеді, өйткені өз тіліңді білу – кез-келген бастамада жаңа мүмкіндіктер сыйлайды, – дейді Алексей Павлович.

Гавань кентінің тұрғындары оны тек жақсы жағынан сипаттап, оның сыйластыққа толы қарым-қатынасын, кәсібилігін және өз учаскесінде тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз етуге деген шынайы ықыласын ерекше айтып кетті. Осындай қасиеттерінің арқасында ол көптеген адамдар үшін жәй ғана полицей емес, сенім артатын және қадірлейтін тұлғаға айналған.

Баландин Алексейдің қызметі – бұл тек құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар халықтың көңілін таба білу және нағыз халықтық қызметтің үлгісін таныту.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру