"Қазақстан балалары": Атырау облыстық полиция департаментінде ашық есік күні өтті
Атырау облыстық полиция департаментінде ашық есік күні өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Атырау облысы полиция департаментінде "Қазақстан балалары" тұжырымдамасы аясында мектеп оқушылары үшін ашық есік күні ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында балалар ведомстволық музеймен және жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Сондай-ақ арнайы жасақтың кәсіби дайындық жаттығуын тамашалап, Кинологиялық қызмет орталығының қызметтік иттермен өткізген көрнекі жаттығуларына куә болды. Оқушылар полиция қызметкерлерімен тимбилдинг форматында өзара байланыс орнатып, қауіпсіздік мәдениеті мен құқықтық сауаттылық жөнінде мол мағлұмат алды.
Атырау облысы ПД тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бөлімінің бастығы Ғалымжан Сембаевтың айтуынша, бұл іс-шара балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қоғамның ортақ жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
– Бұл – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың IV Ұлттық Құрылтайда атап өткен маңызды басымдықтарының бірі. Балалар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігерін қажет ететін ортақ міндет, – деді Ғалымжан Сембаев.
Іс-шара балаларға полиция қызметі туралы тереңірек түсінік беріп қана қоймай, олардың бойында заңға деген құрмет пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға зор ықпал етті.