Қазақстан есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтті
Алматыда психоактивті заттарды қолданудың дәлелді профилактикасы мәселесіне арналған Орталық Азияның қоғамдық бастамаларының бірінші форумы өз жұмысын бастады. Шараға бес елден 90-нан астам делегат қатысып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Форумды CADCA АҚШ-тың қоғамдық ұйымдар қауымдастығы, FIIAPP Мемлекеттік басқару және саясат халықаралық қоры және Қазақстанның Ішкі істер министрлігі ұйымдастырды.
Форумның негізгі модераторы – ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Қажығали Имажанов Қазақстан бес жыл бойы еліміздің алты өңірінде азаматтық қоғамды және барлық бей-жай қарамайтын азаматтарды тарта отырып, нашақорлықтың алдын алуды ұйымдастыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып келе жатқанын атап өтті. Алдын алуды ұйымдастыру Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында көрсетілген. Биылдан бастап есірткіге қарсы профилактиканың мұндай форматы еліміздің барлық өңірінде енгізілетін болады.
Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның үкіметтік емес ұйымдарынан басқа, есірткіге қарсы саясатты іске асыруға қатысатын мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысты.
Халықаралық әріптестер Қазақстан мемлекеттік саясат деңгейінде нашақорлықтың алдын алуға жүйелі тәсілді енгізген Орталық Азиядағы бірінші мемлекет екенін атап өтті.
Айта кету керек, форумның жұмысы екі күнге созылады.