Қазақстан ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Ішкі істер министрлерінің 4-ші кездесуіне қатысты
Тегеран қаласында Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Ішкі істер министрлерінің 4-ші кездесуі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға Иран, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстан ішкі істер министрліктерінің басшылары мен өкілдері қатысты.
Қазақстан делегациясын Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов басқарды.
Отырыс барысында қазақстандық делегация басшысы әріптестерін ұйымдасқан қылмыс, есірткі айналымы, киберқылмыс және заңсыз көші-қонмен күрес саласында іске асырылып жатқан шаралар туралы хабардар етті.

Қатысушылар ЭЫҰ елдері арасындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады, оның ішінде жедел ақпарат алмасуды жандандыру, трансшекаралық ынтымақтастық тетіктерін нығайту, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуетін арттыру бағыттары бар.
Отырыс қорытындысы бойынша ЭЫҰ елдерінің ішкі істер министрліктері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін растайтын Бірлескен декларация қабылданды.
Кездесу сындарлы диалог форматында өтіп, келісілген шешімдер қабылдауға ықпал етті.
Бұдан бөлек, Түркия ішкі істер министрінің орынбасары Мунир Каралоглу мырзамен екіжақты келіссөздер өткізіліп, қылмыскерлерді іздестіру саласындағы серіктестікті дамыту перспективалары талқыланды.
