Қазақстан мен Австрия елде заңсыз жүрген азаматтарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімге қол қойды
Қазақстан мен Австрия елде заңсыз жүрген азаматтарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімге қол қойды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада Қазақстан Республикасы мен Австрия Республикасы үкіметтері арасында елде заңсыз жүрген азаматтарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденов пен Қазақстандағы Австрияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Андреа Бахер қол қойды.
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі әзірлеген келісім елде заңсыз жүрген азаматтарды қабылдау және транзиттеу мәселелерінде тараптардың тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге бағытталған.
Австрия тарапымен келіссөздер 2023 жылдан бері жүргізілді. Өткен жылдың желтоқсан айында Мальтада өткен жұмыс кездесуі барысында екі елдің сыртқы істер министрлері құжатты алдын ала мақұлдау рәсімін өткізді. Бұл оның түпкілікті қол қойылуына бағытталған маңызды кезең болды.
Аталған келісім көші-қон саясаты және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Сонымен қатар бұл Екіжақты келісім қиын жағдайда құжатсыз қалған азаматтардың соттан тыс тәртіппен отанына оралуына мүмкіндік береді, олардың реадмиссиялау процесін жеңілдетіп, ұзаққа созылатын бюрократиялық кедергілерді жояды.