Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақстан өкілдері БҰҰ Комиссиясының сессиясында әлемдік есірткі қауіптерін талқылады

Қазақстан делегациясы 10-14 наурыз аралығында Венада (Австрия) өткен БҰҰ Есірткі құралдары жөніндегі комиссиясының 68-ші сессиясына қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Делегация құрамына СІМ, ІІМ, Бас прокуратура, Әділет және Денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның Венадағы тұрақты өкілдігінің қызметкерлері кірді.

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Данияр Мейірхан есірткі қылмысына қарсы күрес және нашақорлықтың алдын алу бойынша талқылаулар мен тәжірибе алмасуға қатысты.

Сессияға екі мыңға жуық делегат, оның ішінде есірткіге қарсы 200-ден астам ведомствоның басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Іс-шарада осы саладағы әлемдік көшбасшылар сөз сөйлеп, синтетикалық есірткінің артуына және кокаин нарығының кеңеюіне алаңдаушылық білдірді. Олар есірткіге қарсы күресте, соның ішінде алдын алу, заңсыз айналымға қарсы іс-қимыл және есірткіге тәуелділерді емдеуде тәсілдерді қайта қарауды ұсынды.

Жиын есірткіге қарсы күрес және халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күш-жігерді жаһандық тұрғыда үйлестіру үшін маңызды алаңға айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру