Қазақстан полицейлері Копенгагеннің жанкүйерлермен жұмыс істеу тәжірибесін зерттеді
Қазақстан полицейлері Копенгагеннің жанкүйерлермен жұмыс істеу және өткізу бекеттерін ұйымдастыру тәжірибесін зерттеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласының полиция қызметкерлері Копенгагенде болып, жаппай спорттық іс-шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің халықаралық тәжірибесін зерделеп қайтты.
Сапар барысында мамандар дат полициясының жанкүйерлер ағынын басқару әдістерімен, өткізу және тексеру аймақтарының жұмыс тәртібімен танысып, стадионға баратын бағыттардағы көрермендердің тәртіп мәдениетін бақылап зерттеді.
Айта кету керек, Копенгагеннің тиісті қызметтерінің жұмысы жоғары өткізу қабілетімен, нақты логистикасымен және жанкүйерлер арасындағы тыныш ахуалымен ерекшеленеді.
– Біз Алматыда да бейімдеуге болатын бірқатар тиімді шешімдерді көрдік. Әсіресе, тексеру желілерін ұйымдастыру және үлкен жанкүйер топтарымен жұмыс жүргізу тәсілдері ерекше назар аудартты. Алынған материалдар мен бақылаулар біздің қызметімізде қолданылатын болады, – деді Әуезов аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Майлықбаев.
