Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақстанда еңбек мақсатындағы адам саудасымен күрес шаралары күшейтілуде

Бүгін Астана қаласында ҚР ішкі істер министрлігі БҰҰ-ның көші-қон жөніндегі агенттігі Халықаралық көші-қон ұйымының қолдауымен еңбек мақсатында адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі форум өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара "Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" заңды және 2024-2026 жылдарға арналған адам саудасына байланысты қылмыстардың профилактикасы, алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Форум жұмысына Президент әкімшілігінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдар мен аумақтық мобильді топтардың өкілдері, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан фермерлер қауымдастығы, Халықаралық заңгерлер қауымдастығы, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ Ұлыбритания, Грузия, Италия, Румыния, АҚШ, Таиланд, Франция және Швейцариядан келген шетелдік және ұлттық сарапшылар қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – еңбек мақсатында адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылау, заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, осындай қылмыстарды тергеу саласындағы халықаралық тәжірибемен алмасу, сондай-ақ мәжбүрлі еңбек құрбандарын анықтау бағытында, әсіресе еліміздің шалғай өңірлерінде мобильді топтардың жұмысын күшейту.

Тақырыптық сессиялар барысында қатысушылар келесі негізгі бағыттарды талқылады:

• Адам саудасына қарсы күрестегі қазіргі заманғы үрдістер мен сын-қатерлер;

• еңбек мақсатында қанауға байланысты қылмыстарды анықтау және жолын кесу үшін инновациялық технологиялар мен жасанды интеллектті қолдану;

• адам саудасы фактілерін тексеру және тергеу әдістемелерін жетілдіру;

• мәжбүрлі еңбектен зардап шеккендерді қорғау және қолдау шараларының тиімділігін арттыру үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамыту.

Форумның өткізілуі адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы ұлттық және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, озық тәжірибелермен алмасуға және азаматтардың құқықтарын қорғаудың заманауи тетіктерін енгізуге бағытталған маңызды қадам болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру