Қазақстанда пәтер ұрлығының саны азайды
Қазақстанда пәтер ұрлығының саны азайды. Бұл туралы ІІМ брифингінде ведомствоның ресми өкілі Шыңғыс Алекешев баяндады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Жыл басынан бері 1100-ден астам пәтер ұрысы ұсталды, оның ішінде 59 қылмыстық топ және 38 гастрольдік ұры бар, – деді ол.
Полиция пәтер ұрлығына қарсы күресте бірқатар ұйымдастырушылық және заңнамалық шараларды қабылдап жатыр.
– ІІМ-нің ведомстволық бағдарламалары аясында тұрғын үйлердің аулаларында 68 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. 24 мыңнан астам камера тұрғындардың бастамасымен қойылды.
Пәтер ұрлығының жасалу әдісі мен уақытына күнделікті талдау жүргізіледі. Осыған қарай патрульдік полиция нарядтарының қозғалыс бағыттары белгіленіп отырады.
Жергілікті атқарушы органдармен және сауда объектілерінің әкімшіліктерімен бірлесіп, ұрланған мүлікті сатып алу және өткізу фактілеріне жол бермеу бойынша шаралар қабылдануда, – деді Шыңғыс Алекешев.
Жалпы қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда пәтер ұрлығының саны жыл сайын орта есеппен 34%-ға төмендеп келеді. Егер 2019 жылы 31 мыңнан астам қылмыс тіркелген болса, 2023 жылы тіркелген қылмыс саны 9 мыңнан аспайды.
– Төмендеу үрдісі ағымдағы жылы да сақталып отыр. Биыл пәтер ұрлығы 28%-ға азайған, – деп атап өтті спикер.