Қазақстандық полицей қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогының күміс жүлдегері атанды
Ертіс өңірінің полиция қызметкері әлем кубогының күміс жүлдегері атанды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласында 2025 жылғы қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогының финалдық кезеңі өтті. Бұл додаға 20 елден келген 230-дан астам спортшы қатысып, турнирге жоғары халықаралық мәртебе берді және спорт саласындағы ынтымақтастықты нығайта түсті.
Аталған жарыста Павлодар қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналды полиция инспекторы Мадина Жұмабаева Қазақстан намысын қорғады.
Бірнеше сағатқа созылған тартысты жекпе-жектер барысында жанкүйерлер спортшылардың шеберлігі мен ерік-жігеріне тәнті болды. Тәжірибелі төрешілер әділ бағасын беріп отырды.
Әйелдер арасындағы "Өзін-өзі қорғау" санатында жоғары спорттық дайындық пен мінсіз техникасын көрсеткен Мадина Жұмабаева қарсыластарынан озық өнер көрсетіп, Әлем кубогының күміс жүлдесін иеленді.
– Ерік-жігер мен тынымсыз еңбектің арқасында бұл жетістікке қол жеткіздім. Күміс медаль — мен үшін жаңа белестерге жол ашқан қуатты мотивация. Алдағы уақытта да табандылық танытып, еліміздің намысын абыроймен қорғауға тырысамын, – деді Мадина.
Айта кетейік, Мадина Жұмабаева спортпен 16 жасынан бастап айналысады. Ол бокстан спорт шеберлігіне үміткер және қолма-қол ұрыстан тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болып келеді.
Әріптестері Мадинаның жеңісін мақтан тұтып, оған мықты денсаулық, қажымас қайрат және жаңа жеңістер тілеп, әрдайым құрмет тұғырының биігінде болуын қалайды.