Қазақстандық полицей Стамбұл марафонында үздік нәтиже көрсетті
Қазақстандық полицей Стамбұл марафонында үздік нәтиже көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы полиция департаментінің айдауылдау қызметі батальонының қызметкері Талғат Ерниязов 2 қарашада өткен 47-ші халықаралық Стамбұл марафонында Қазақстанды абыроймен таныстырды.
Марафонның бірегейлігі – оның екі құрлықты яғни Азия мен Еуропаны байланыстырып өтуінде және әлемнің әр түкпірінен келген мыңдаған спортшыларды біріктіруінде. Биыл жарысқа 100 елден 41 мыңнан аса азамат қатысты.
Біздің полицей 15 шақырымдық жарыста А санатында яғни ең жылдам желаяқтармен бақ сынасып, 01:09:32 уақытпен жүгіріп, үздік жиырма қатысушының қатарына енді.
– Мен үшін бұл тек спорттық сынақ емес, жеке мақсат - тәртіп пен төзімділік полиция мамандығының бір бөлігі екенін дәлелдеу болды, – деді Талғат Ерниязов.
– Халықаралық аренада ел мен ведомство абыройын асқақтатып жүрген қызметкерлерімізбен мақтанамыз. Бұл – рухтың мықтылығы мен іске адалдықтың үлгісі, – деді Алматы қаласы ПД арнайы және кәсіби дайындық басқармасының бастығы Ерлан Әбсадық.
