Алматы облысы полиция департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасағының қызметкері Умида Садыкова Испанияда өткен беделді Boxam Elite 2026 халықаралық бокс турнирінде жоғары шеберлігін көрсетіп, алтын медальді жеңіп алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Халықаралық деңгейдегі байрақты бәсекеде ол барлық қарсыластарынан басым түсіп, турнирдің жеңімпазы атанды.

Умида Садыкова — ішкі істер органдарындағы жауапты қызмет пен жоғары спорттық жетістіктерді үйлестіре білген қайсар мінезді, табанды спортшы. Қызметтің қарбалас кестесіне қарамастан, ол спорттағы дайындықты бір сәт те тоқтатпай, кәсіби шеберлігін үздіксіз шыңдап келеді. Оның бұл табандылығы мен еңбекқорлығы халықаралық аренадағы жеңістері арқылы өз жемісін беруде.
Умида Садыкова — бокс және қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері. Оның спорттық қоржынында республикалық және халықаралық деңгейдегі көптеген маңызды жеңістер бар. Атап айтқанда 2025 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің чемпионатында қоян-қолтық ұрыстан алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Мәскеу қаласында өткен ТМД кубогында кешенді жекпе-жектен үздік атанып, Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық бокс турнирінде де жеңіс тұғырынан көрінді.
Испания төрінде қол жеткізген бұл жеңіс — қазақстандық спортшының ғана емес, құқық қорғау органының қызметкері ретінде де жоғары кәсіби дайындығының, темірдей тәртібі мен қайсар рухының айқын дәлелі. Мұндай жетістіктер полиция қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастырып қана қоймай, жас буынға үлгі болып, салауатты өмір салтын насихаттауға зор ықпал етеді.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, спорт адам бойында тәртіп, төзімділік және жауапкершілік сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастырады. Бұл қасиеттер құқық қорғау қызметінде аса қажет.
— Спорт тәртіпке, төзімділікке және жауапкершілікке үйретеді. Әрбір жеңіс — табанды еңбектің, әріптестердің қолдауының және өз күшіне деген сенімнің нәтижесі, — деп атап өтті ведомство өкілдері.
Умида Садыкованың бұл жетістігі — мамандыққа адалдық пен спортқа деген сүйіспеншілік ұштасқанда, кез келген биікті бағындыруға болатынының жарқын дәлелі. Ол өз еңбегімен тек қызмет саласында ғана емес, халықаралық спорт аренасында да ел абыройын асқақтатып келеді.
