Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақстандық тергеу изоляторының жеке құрамы қаңтар оқиғасында қаза тапқан әріптесінің отбасына көмек көрсетті

Қазақстандық тергеу изоляторының жеке құрамы қаңтар оқиғасында қаза тапқан әріптесінің отбасына көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан полициясы құрылған отыз жылдың ішінде республика бойынша 800-ден астам полиция қызметкері қызмет бабында қаза тапты. Солардың бірі – қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан Ербол Ержанов. Әділет прапорщигі қаңтар қырғынында Талдықорған қаласындағы ЛА-155/16 мекемесіне шабуыл жасаған бүлікшілердің қолынан қаза тапты.

Ішкі істер органдарында 1999 жылдан бастап қызмет атқарған Ербол Ержанов әрдайым жақсы бастамалардың жанынан табылатын. Ол тек білікті маман ғана емес, қызметке жаңа келген әріптестеріне үлгілі тәлімгер де бола білетін. Отан алдында қабылдаған антына өмірінің соңына дейін адалдық танытқан Ербол екі баланың әкесі, үлгілі отбасының иесі еді.

Тергеу изоляторын басып алмақшы болған шабуылшылардан жанаямай қорғаған Ерболдың ерлігі үлгі болса, өкініштісі – оның қылмыскерлердің оғынан қаза табуы. Еліміздегі барлық тергеу изоляторларының жеке құрамы үшін бұл орны толмас ауыр қаза болды.

Қостанай, Нұр-сұлтан, Шымкент, Қызылорда, Тараз және Алматы қалаларындағы тергеу изоляторларының жеке құрамы Ербол Ержановтың отбасына материалдық көмек көрсетті. Әріптестерінің мұндай игі бастамасына Алматы қаласы бойынша ҚАЖД басшылығы мен Ардагерлер кеңесі де қызу қолдау көрсетті.

Жуырда ЛА-155/18 мекемесінің өкілдері жоғарыда аталған тергеу изоляторлары жеке құрамының атынан Ерболдың отбасына барып, әріптестерінің материалдық көмегін табыстады. Қызмет бабында қаза тапқан әділет прапорщигі Ербол Ержановтың әкесі Тілеубек ақсақал Ержанды ұмытпай, көмек көрсеткен полиция қызметкерлеріне жүрекжарды алғысын айтып, еліміздің тыныштығын қорғап жүрген азаматтардың барлығы аман жүрсін деп батасын берді.

Жауап қалдыру