Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақстанның екі дүркін чемпионы Ұлттық ұлан қатарында қызмет етеді

Ұлттық ұлан сапында тек құқықтық тәртіп сақшылары ғана емес, нағыз чемпиондар да бар. Солардың бірі – Алматы қаласында орналасқан ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінде мерзімді қызметін атқарып жүрген қатардағы жауынгер Алдияр Жаркеев, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Әскер қатарына Жезқазған қаласынан шақыртылған Алдияр – Қазақстанның екі дүркін чемпионы. Оның есімі қоян-қолтық ұрыс әлемінде жақсы таныс. Ол алғашқы үлкен жеңістеріне әскерге дейін қол жеткізген. 2021 жылы Қарағандыда жеңіл салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанса, 2023 жылы Астанада чемпиондық атағын қорғап шықты.

Әскердегі алғашқы күндерінен-ақ командирлер оның спорттық әлеуетін байқады. Биыл Түркістан қаласында өткен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері арасындағы спорттық және жауынгерлік самбодан өткен чемпионатта Алдияр "Оңтүстік" ӨңҚ командасының намысын қорғап, 70-тен астам мықты спортшы қатысқан бәсекеде 58 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдені еншіледі.

Бұл жетістік кездейсоқ емес. Алдиярдың спортқа деген сүйіспеншілік пен жігерлі мінезі отбасында қалыптасқан. Оның ағалары да кезінде Ұлттық ұлан сапында мерзімді әскери борышын өтеп, інісіне лайықты үлгі көрсетті.

Алайда ұландықтың әскери қызметі тек спортпен шектелмейді. Бүгінде ол Алматы көшелерінде патрульдік қызмет атқарып, қоғамдық тәртіпті қадағалап, мәдени және спорттық іс-шараларда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Командирлері оның мінсіз тәртібі мен бастамашылдығын ерекше атап өтеді. Ал қаруластары Алдиярды спортта да, әскери қызметте де үлгі боларлық нағыз ұландық деп санайды.

– Мен үшін спорт – өмір салты. Әскерде жүрсем де, жаттығуды жалғастырудамын. Әскердегі қызмет дайындығыма еш кедергі келтірмей, қайта төзімді әрі мықты болуға көмектеседі, – дейді ол.

Бұл сөздер негізгі ойды айшықтап, Ұлттық ұландағы қызмет – ерлік мектебі ғана емес, тұлға ретінде дамуға жол ашатын орта екенін дәлелдейді. Мұнда жауынгерлерге сенім артып, олардың талантын ашуға және жетістікке жетуіне қолдау көрсетеді. Өйткені әскери форманың артында жаңа белестерді бағындыруға талпынған адам бар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру