Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚАЖ саласына еңбегі сіңген психолог маманның қызметтегі жолы

25 желтоқсан — психологтар мерекесі. Бұл күн — көзге көрінбейтін, бірақ қоғам үшін айрықша маңызға ие еңбектің иелеріне көрсетілер құрмет. Психолог — адам жанының тереңінде жатқан үнсіз күйді сезіп, ең күрделі сәттерде тірек бола алатын маман. Осындай маман туралы бүгін Polisia.kz сайты баяндап береді. 

Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №43 мекемесінде (қоныс-колониясы) ұзақ жылдар бойы психолог қызметін атқарып келе жатқан Алмаш Өтесінова — осындай кәсіби мамандардың бірі. Оның күнделікті еңбегі тағдыр тоғысқан тағылымды сәттерге толы. Бұл — жай ғана қызмет емес, үлкен жауапкершілік пен адами жанашырлықты талап ететін өмірлік таңдау.

Қоныс-колониясы — адам тағдыры сынға түсетін ерекше орта. Мұнда әрбір сотталған өз өкінішімен, өз үмітімен келеді. Осындай сәттерде психологтың жылы сөзі, сабырлы көзқарасы мен сенімге құрылған әңгімесі ерекше мәнге ие.

- Адамды түсіну үшін алдымен оны тыңдай білу керек. Әрбір жанның ішкі әлемі — өзіндік бір тарих. Сол тарихты жоққа шығармай, дұрыс арнаға бағыттау — біздің басты міндетіміз, - дейді Алмаш Өтесінова.

Оның айтуынша, психологиялық жұмыс бір күнде нәтиже бермейді. Бұл — уақытты, төзімділікті және өзара сенімді қажет ететін ұзақ үдеріс.

- Кейде бір ғана әңгіме адамның жүрегіне сәуле түсіреді. Сол сәуле оның өмірге деген көзқарасын өзгертуі мүмкін. Психологтың ең үлкен жеңісі — адамның өзіне деген сенімін қайта ояту, — дейді маман.

Алмаш Өтесінова үшін ең басты қағида — адамға деген сенім.

- Әр адам екінші мүмкіндікке лайық. Егер біз үміт үзсек, онда бұл жұмыстың мәні жоғалады. Психолог — жазалаушы емес, бағыт беруші, — деп атап өтті ол.

Алмаш Өтесінованың еңбегі мекемедегі моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруға, тыныштық пен тәртіптің сақталуына елеулі үлес қосып келеді. Оның кәсіби жолы — сабыр мен сенімге, адам жанына деген терең құрметке негізделген жол.

Психологтар күні — дәл осындай жандардың еңбегін бағалап, олардың үнсіз, бірақ аса маңызды қызметіне тағзым ететін ерекше күн.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру