ҚАЖ саласындағы арнайы есеп қызметінің күнделікті жұмысы
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің арнайы есепке алу бөлімінің қызметі – бұл тек құжат тіркеу емес, бұл – заңдылық пен адам тағдырына тікелей ықпал ететін аса маңызды бағыт. Бұл салада кәсіби біліктілікпен қатар, жоғары жауапкершілік пен мұқияттылық талап етіледі. Сала мамандарының жұмысы туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Қызылорда облысы аумағындағы ҚАЖД мекемелерінде арнайы есепке алу міндетін 14 қызметкер атқарып келеді. Олар сот үкімімен сотталған әрбір азаматтың жеке ісін заң талаптарына сәйкес рәсімдеп, тіркеу, бақылау және қадағалаумен айналысады.
Арнайы есепке алу бөлімінің жұмысы ауқымды және нақты тәртіпті қажет етеді. Сотталған азаматтардың іс-қағаздарын тіркеу, талап-арыздарын рәсімдеу, сот үкімдері мен басқа да заңды құжаттарды реттеу, жазаны өтеу мерзімін есептеу, айдауылға дайындау, саусақ іздері мен фотосуреттер бойынша есеп жүргізу – бұл мамандар атқаратын қызметтердің бір бөлігі ғана. Сонымен қатар өзге мемлекеттік органдармен заң аясында ақпараттық алмасу да осы бөлім қызметінің негізгі бағыттарының бірі.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің арнайы есепке алу тобының бас маманы Назерке Молдағалиқызы бұл жұмыстың маңыздылығын ерекше атап өтті:
– Арнайы есепке алу – бұл жай құжат жинақтау немесе тіркеу емес. Бұл – заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ететін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ықпал ететін жауапты бағыт. Біз тек қағазбен жұмыс істемейміз. Жаңадан қабылданған заңнамалық өзгерістерді мұқият зерттеп, сотталған азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл – біздің кәсіби әрі азаматтық борышымыз, – дейді бас маман.
Оның айтуынша, сотталғандардың жаза мерзімін заң өзгерістеріне сәйкес қайта есептеу, шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе басқа да жеңілдіктерді қолдану тәрізді мәселелер де осы бөлімнің қатысуымен жүзеге асырылады. Сонымен қатар сотталғандардың заңды өкілдерімен байланыс орнату, қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізу, құжаттарды реттеу – күнделікті жұмыс тәртібінің бір бөлігі.
– Жыл басынан бері 39 сотталған азаматтың жеке куәлігі мерзімі өтуіне байланысты қайта рәсімделді. Бұл – біздің бөлімнің күнделікті атқаратын қызметтерінің бірі ғана. Арнайы есепке алу саласында әрбір әрекет заң аясында, адам тағдырына салмақ түсіретіндей дәлдікпен орындалуы тиіс. Біз сот үкімінің орындалуын ғана емес, әр сотталған азаматтың құқықтық мәртебесін қатаң заң нормаларымен реттейміз. Біз Ант қабылдадық. Ал Антқа адал болу – бұл біздің кәсіби ғана емес, адами парызымыз, – дейді Назерке Молдағалиқызы.
ҚАЖ жүйесінде арнайы есепке алу – әділеттілік пен заңдылықтың кепілі. Осы саладағы мамандардың жұмысы сырт көзге байқалмайтын, бірақ елдегі құқықтық тәртіптің беріктігіне тікелей әсер ететін маңызды міндет болып қала бермек.