ҚАЖД мекемелерінде жазасын өтеушілер арнайы киімдер өндірісін жолға қойды
ҚАЖД мекемелерінде жазасын өтеушілер арнайы киімдер өндірісін жолға қойды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелерде жазасын өтеушілер еңбекке тартылып, өндіріс орындарында жұмыс істеп жүр. Атап айтқанда, департаменттің 60 мекемесінде сотталғандар өндіріс аймағындағы екі тігін цехында еңбек етсе, 37 мекемедегі жазасын өтеушілер қала аумағында орналасқан тігін цехында арнайы киімдер тігумен айналысуда. Бұл жұмыс сотталғандардың еңбек дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне және отбасына материалдық көмек көрсетуіне мүмкіндік беріп отыр.
ҚАЖ департаментінің 37 мекемесіндегі сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының инспекторы Сая Кенжеғұлованың айтуынша, бүгінде аталған мекемеде жазасын өтеушілердің барлығы еңбекке тартылған.
– Жазасын өтеушілер әртүрлі салада жұмыс істейді: газоблок өндірісі, машина жөндеу, құрылыс саласы және тігін цехтары. Әсіресе, атқару парақтары бар сотталғандар бірінші кезекте жұмысқа орналастырылады, – деді инспектор.
Тігін цехында еңбек етіп жүрген сотталғандардың бірі де өз пікірін білдірді:
– Мекеме әкімшілігінің жұмысқа орналастырғанына ризамын. Қолымнан тігін тігу келеді, енді еңбегім арқылы отбасыме көмек жіберіп отырмын. Ойым бөлінеді, еңбекақы аламын. Қазір арнайы киімдер тігіп жатырмыз, – деді ол.
Бұл бастама жазасын өтеушілердің қоғамға қайта бейімделуіне, бос уақытын тиімді өткізуіне сеп болып отыр. Сонымен қатар еңбекпен қамту – қылмыстық-атқару жүйесінде жүргізілетін тәрбие жұмысының маңызды бөлігі саналады.