ҚАЖД мекемесінде жазғы спартакиада аясында гір көтеру спортынан шеберлік сыныбы ұйымдастырылды
Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД мекемесінде жазғы спартакиада аясында гір көтеру спортынан шеберлік сыныбы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылғы жазғы спартакиада шеңберінде Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №31 мекемеде гір көтеру спортынан шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Шараға халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионатының жүлдегері Ю. Брель арнайы шақырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – дене шынықтыруды дәріптеу, салауатты өмір салтын насихаттау және сотталғандарды белсенді спорттық іс-шараларға тарту болды.
Кәсіпқой спортшы қатысушыларға гирьмен жұмыс істеудің негізгі техникасын түсіндіріп, жаттығулардың ерекшеліктерін көрсетті. Сондай-ақ дұрыс тыныс алу, қауіпсіздік ережелері мен спорттық тәртіптің маңыздылығына ерекше тоқталды. Шеберлік сабағы барысында сотталғандар белсенділік танытып, сұрақтар қойып, практикалық жаттығуларға ынта-ықыласпен қатысты.
Шара соңында сотталғандар алған әсерлерімен бөлісіп, кәсіби спортшымен жүздесудің олар үшін пайдалы әрі қызықты болғанын атап өтті.
– Бұл жай ғана жаттығу емес, нағыз күш пен төзімділік сабағы болды. Гір көтеру спортында дене дайындығы ғана емес, шоғырлану қабілеті де маңызды екенін түсіндік. Осындай кездесулер жиі болса екен, – деді сотталғандардың бірі.
Қатысушылардың айтуынша, гір көтеру спорты тек дене бітімін қалыптастыруға ғана емес, ерік-жігерді шыңдауға, төзімділікті дамытуға да ықпал етеді.
Мұндай іс-шаралар мекеме жағдайында сотталғандардың әлеуметтік бейімделуіне, пайдалы дағдыларды қалыптастыруына, сондай-ақ бос уақытын сындарлы өткізуіне оң ықпалын тигізеді.