ҚАЖД қызметкері – үлгілі әке, білікті маман
Қай дәуірде болмасын, отбасы – адам өміріндегі баға жетпес құндылық. Ол – мейірім мен тәрбиеге, сыйластық пен жауапкершілікке негізделген рухани тірек. Қандай қызметте жүрсе де, әр азамат үшін отбасы – өмірінің шырағы, күш-қуат алатын киелі мекен. Ал қылмыстық-атқару жүйесінде еңбек ететін жандар үшін бұл құндылықтың мәні тіптен ерекше. Осы салада қызмет атқарып жүрген азамат туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
ҚАЖ саласы – тәртіп пен төзімділікті, табандылық пен жанқиярлықты талап ететін күрделі әрі маңызды сала. Бұл қызмет сырт көзге қатал көрінгенімен, оның ар жағында терең жауапкершілік пен адами жылылық жатыр. Осы саланың мамандары қоғам тыныштығын қамтамасыз етіп қана қоймай, өз отбасында да үлгілі жар, мейірімді әке бола білуде.
Солардың бірі – Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Жаңақорған аудандық пробация қызметінің бастығы Анарбек Искаков. Ол 2005 жылдан бері ішкі істер органдарында абыроймен қызмет етіп келеді. Ал 2019 жылдан бері Жаңақорған аудандық пробация қызметін басқарып, пробация саласының тиімді жұмыс істеуіне сүбелі үлес қосып жүр.
– Біздің басты міндетіміз – пробация есебіндегі азаматтардың құқықтық және әлеуметтік жағдайын бақылауда ұстап, олардың қайта қылмысқа бармауына жол бермеу. Сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы күрес, жұмысты үйлестіру мен ұйымдастыру бағыттарында да үлкен жауапкершілік жүктеледі, – дейді Анарбек Искаков.
Анарбек Искаков – қызметіне адал, отбасына жанашыр азамат. Ол – көпбалалы әке, жұбайы Лаура Темірқызымен бірге төрт ұл тәрбиелеп отыр. Жұбайы да заңгер мамандығын меңгергендіктен, Анарбектің қызметтік жауапкершілігін жақсы түсініп, әрдайым қолдау көрсетеді.
– Отбасы құрған алғашқы жылдары жұбайым қызметімнің ауыртпалығын толық түсіне бермейтін. Уақыт өте келе барлығына көз жеткізіп, маған демеу бола білді. Ұлдарымның үлкені – 16 жаста, барлығы спортпен айналысады. Еркін күрес, баскетбол үйірмелеріне қатысып, бос уақыттарын тиімді өткізуде. Қызметтен босаған сәттерімді барынша отбасыммен өткізуге тырысамын, – дейді көпбалалы әке.
Анарбек үшін қызметтегі басты қағида – әділеттілік, табандылық және адами қарым-қатынасты бағалау. Ол әріптестерімен өзара сенім мен қолдауды маңызды санайды. Оның айтуынша, қоғамнан оқшауланған адамдармен жұмыс істеу үшін мейірім мен кәсіби шеберлік аса қажет.
– Егер балаларым болашақта менің жолымды таңдап, нысанды киім киіп қызмет еткісі келсе, қарсы емеспін. Ең бастысы – оларды адамгершілікке тәрбиелеу. Себебі отбасы құндылығы – бірлік пен сыйластықта, – дейді ол.
Осылайша қызмет пен отбасылық міндетін үйлестіре білген, ел тыныштығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар – қоғамымыздың нағыз тірегі, елге үлгі болар тұлғалар.