Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚАЖД қызметкерінің ата-анасына ҚР ІІМ Алғыс хаты табысталды

ҚАЖД қызметкерінің ата-анасына ҚР ІІМ Алғыс хаты табысталды, -деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жас қызметкері Дархан Қаюповтың ата-анасы – Асан Қарапинұлы Қаюпов пен Жанна Қалымжанқызы Қаюпова – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Алғыс хатымен марапатталды.

Бұл марапат – ел игілігі жолында адал қызмет етіп жүрген білікті маманды тәрбиелеп өсірген ата-ананың еңбегіне берілген жоғары баға. Ішкі істер министрлігінің басшылығы Дархан Қаюповқа адами құндылықтар мен кәсіби жауапкершілік сезімін сіңіріп, отансүйгіштік рухта тәрбиелеген ата-анаға алғыс білдірді.

Салтанатты марапаттау рәсімінде Ақмола облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Берік Бакулин ата-ананың еңбегін ерекше атап өтті:

- Әрбір адал әрі табысты қызметкердің артында мықты отбасы мен ата-ананың қолдауы тұрады. Бұл Алғыс хат – ұлдарыңыздың ғана емес, бүкіл әулеттеріңіздің еңбегінің нәтижесі. Отбасылық тәрбие мен адами құндылықтар – кәсіби жолдағы берік негіз. Осындай ұлтжанды, жауапты азаматты тәрбиелегендеріңіз үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз, – деді ол.

Өз кезегінде Жанна Қаюпова да ризашылығын білдіріп, баласының бала кезінен әділдік пен адалдықты жоғары қоятынын айтты:

- Дархан бала күнінен тәртіпті, жауапкершілігі мол болып өсті. Әрине, кейде балалықпен ойнап, бұзықтық жасаған кездері де болды. Дегенмен, әділдік пен адалдықты әрдайым бірінші орынға қоятын. Қарындасына да әрдайым өнеге болып, жақсы қасиеттерге үйретті. Біз оның қоғамға қызмет ету жолындағы таңдауына әрдайым қолдау көрсетіп келеміз. Ұлымыздың еңбегін жоғары бағалағандарыңыз үшін алғыс айтамыз. Ол алдағы уақытта да өз борышын абыроймен атқаратынына сенімдіміз, – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру