Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚАЖД қызметкерлері жағдайы қиындаған тұрғынға көмектесті

Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД мекемесінің қызметкері жағдайы қиындаған тұрғынға көмектесті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Дүниежүзілік денсаулық күні қарсаңында №31 мекеменің тәрбие бөлімі қызметкерлері донорлық қан тапсыру акциясына белсене қатысты. Қан тапсырған 10 отряд бастығы қоғамға көмектесуге әрдайым дайын екендіктерін көрсетті.

Денсаулық сақтау жүйесін қолдауға бағытталған бұл қайырымдылық шарасы адам өмірін сақтап қалуға үлес қосқысы келген жанашыр қызметкерлерді біріктірді. Олар жыл сайын осындай акцияларға тұрақты түрде қатысады.

— Бұл жай ғана ізгі ниеттен туған әрекет емес, бұл — ұлт денсаулығын нығайтуға бағытталған саналы қадам. Қандай жағдай болмасын, адамгершілік пен жақыныңа деген қамқорлықты ұмытпау маңызды, — деп атап өтті тәрбие бөлімінің бастығы Наталья Кудряшова.

Алайда бұл күн тек донорлықпен ғана емес, тағы бір оқиғамен есте қалды. Қан тапсыру орталығының маңында жүрген әйелдің жағдайы кенеттен нашарлап кетті. Абырой болғанда, сол сәтте оның жанында медицина білімі бар, отряд бастығы Анна Либас болды. Ол жағдайды жедел бағалап, алғашқы көмек көрсетті. Осылайша, дәрігерлер келгенге дейін әйелдің жағдайының нашарлауына жол бермеді.

— Осындай сәттерде тек қан тапсыру емес, сонымен қатар төтенше жағдайларда дұрыс әрі жылдам әрекет ету маңызды екенін түсінесің, — деді тәрбие жұмысы жөніндегі бастықтың орынбасары Тұрсын А.Қ.

Бұл акция тек игі істің көрінісі ғана емес, азаматтық жауапкершілік, кәсібилік пен өзара көмектің жарқын үлгісі болды. Өйткені шынайы жанашырлық сөзбен емес, іспен дәлелденеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру