Қазығұртта 100-ге жуық ұялы телефонды жымқырып кеткен әккі ұрылар ұсталды
Түркістан облысының полицейлері 100-ге жуық ұялы телефон ұрлаған әккі ұрыларды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт АПБ-не жергілікті тұрғынның «102» нөміріне хабарласып, белгісіз біреулердің дүкеніне ұрлыққа түскенін айтқан. Оқиғаны естіген тәртіп сақшылары шұғыл түрде ұрлық болған жерге барады. Содан полицейлер әккі ұрылардың дүкенге кіріп, 100-ге жуық ұялы телефонды жымқырып кеткендерін анықтады. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, қылмыстық істі бастап кетеді. Дүкен иесіне келтірілген шығынның көлемі үш миллион теңгені құрайды.
Бұл ұрлық қылмысы бойынша тәртіп сақшылары жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жан-жақты тексеру жұмыстарын жүзеге асырып, көрген-білгендерден жауап алды. Бейнебақылау камераларын тексерді, барлық қажетті шараларды атқарды. Соның нәтижесінде ақпарат көздері арқылы, күдікті ретінде екі азамат анықталып бөлімшеге жеткізілді.
Тергеу барысында анықталғандай екі күдікті қылмысты алдын ала жоспарлы түрде ұйымдастырған. Сондай-ақ күдікті жас жігіттер 100-ге жуық телефонның жартысын ломбардтардың біріне өткізгендері белгілі болды. Қалған ұялы телефондар күдіктілердің үйінен тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда аталған екі күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Ұсталған екеудің бас шарасы қамауда.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға бағалы заттарыңыз бен ұялы телефондарыңызға, әмияндарыңызға сақ болып сақтық шараларын қолдану қажеттілігін ескертеді. Мүліктің кез-келген түріне қырағылықпен және жауапкершілікпен қарағанда ғана, мұндай жағдайларды азайтуға болады.