Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазығұртта қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық жайты орын алды

Түркістан облысының полицейлері қару қолданып, бұзақылық жасаған күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазығұрт АПБ-ның кезекші бөліміне учаскелік инспекторлардан бос жайылымдардың бірінде болған кезекті көкпарды тоқтату кезінде белгісіз адамдардың тарапынан қару қолдану арқылы бұзақылық жайтының орын алғаны бойынша хабарлама келіп түсті.

Аталған жайтты Қазығұрт АПБ-ның полицейлері ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі (Бұзақылық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті.

Жедел жүргізілген арнайы операция нәтижесінде Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Түркістан облысы ҰҚКД және ҚР Ұлттық ұланының “Бүркіт” арнайы жасағымен бірлесіп, Қазығұрт кенті көшелерінің бірінде “ВАЗ” маркалы автокөлікті тоқтатып, төрт күдіктіні ұстады. Ұсталған Қазығұрт ауданының тұрғындары полиция бөліміне жеткізілді.

Күдіктілерді тінту кезінде полицейлер сөмкені тауып алып, одан заттай дәлел ретінде 16 калибрлі шолақ мылтық пен оқ-дәрілерді тәркіледі. Жедел уәкілдер күдіктілердің үйін одан әрі тінту кезінде қосымша 16 калибрлі аңшылық мылтық пен екі травматикалық тапаншаны тапты.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабы (Бұзақылық) және 287-бап (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жастар қамауға алынды.

Полиция қызметкерлері күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеріп, қарудың қайдан алынғанын анықтауда.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңсыз қару-жарақты қолданғаны және бұзақылық әрекеттер жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Егер сіз осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу полицияның “102” нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру