Қазығұртта сауда орталығынан телефонды қолды еткен қыз ұсталды
Қазығұртта сауда орталығынан телефонды қолды еткен қыз ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оның жұмыс жасайтын сауда орталығында тұрған OPPO A53 телефонын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі – 130 мың теңге.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды.
Хабар алысымен тәртіп сақшылары оқиға орнына бірден жетті. Олар қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, бейнебақылау камераларын қарап шықты. Нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Анықталғандай, ол дүкенге тұтынушы болып кіріп, өзіне қажетті заттарды алмақшы болған. Осы сәтте дүкен ішінде тұрған телефонға көзі түскен бойжеткен оңай олжалы болуды көздеген. Күдіктіден айғақты зат ретінде бөтеннің мүлкі алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.