Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қоғам белсенділері Ұлттық ұланның әскери бөлімінде алғаш рет қонақта болды

ҚР ІІМ Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде маңызды кездесу өтті. Бұл іс-шара аясында ҚР ІІМ Қоғамдық кеңесінің мүшелері әскери өмірмен жақынырақ танысып, сарбаздардың ас мәзірінен дәм татты. Одан бөлек спорттық жарыстың куәсі болып, әскери қызметшілермен өзекті мәселелерді талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бөлім командирі Аян Есжанов қонақтарға әскери бөлімнің макетін таныстырып, делегацияны асханаға алып жүрді. Мұнда оларға азық-түлік ассортименті көрсетіліп, дайындалған тағамдар таныстырылды. Тележүргізуші Динара Сәтжан сарбаздармен әңгімелесіп, олардың асханадағы тамақтану жағдайын және жалпы әскери қызмет туралы пікірлерін білді.

Іс-шара спорт залында жалғасты, онда бөлімшелер арасында мықтыны анықтады. Әскери қызметшілер АК-74 Калашников автоматын бөлшектеу және жинақтау шеберлігін көрсетіп, арқан тарту сайысына қатысты. Жеңімпаздарды ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Адилов марапаттады.

Тирде қонақтар Glock-17 тапаншасынан ату дағдыларын сынап көрді. Нұсқаулықты "Бүркіт" элиталық арнайы жасағының жауынгерлері өткізді. Әсіресе, блогер Берік Әлпішев пен  бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мұхит Амантаев жоғары нәтижелер көрсетті. Олар ІІМ-нің бұрынғы қызметкерлері ретінде өз тәжірибелерімен бөлісті.

Сонымен қатар қонақтар мәдени-демалыс орталығында  жеке құраммен әңгімелесті. Психолог Тоқтар Қойшыбеков көптің ішінен есірткі қолданатын адамдарды қалай ажыратуға болатынын айтты. Бұл қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін сарбаздар үшін  маңызды рөл атқарады.

- Сіздерге қызметтеріңіз бен елге деген адалдықтарыңыз үшін алғыс айтамын. Нағыз патриотсыздар! Сіздер секілді азаматтарды көргенде, еліміздің қауіпсіздігіне алаңдамаймын, -  деп Динара Сәтжан ұландықтарға ризашылығын білдірді.

Іс-шара соңында С.Адилов ұландықтар мен қонақтарға алғыс хаттар табыстап, олардың әскердің бірлігі мен жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру