Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қоғам сенімін арқалаған жас инспектордың бір күні

Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің негізі – тәртіп пен заңдылықтың сақталуы. Осы жауапты міндетті күн сайын атқарып жүрген мамандардың бірі – Атырау қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінде учаскелік инспектор болып еңбек ететін полиция лейтенанты Бекзат Таңатов туралы мәліметті Polisia.kz сайты назарларыңызға ұсынады. 

24 жастағы жас маман ішкі істер органдарында 2024 жылдың наурыз айынан бері қызмет етеді. Бекзаттың басты мақсаты – азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және халықпен тығыз байланыс орнату.

– Маған жүктелген міндет – тек тәртіпті сақтау ғана емес, адамдарға шынайы көмек көрсету. Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер мен балаларға қорған болу – бұл менің жұмысымның маңызды бөлігі. Өзіме бекітілген аумақтағы әрбір тұрғынның мәселесіне бейжай қарамай, қолдау көрсетуге тырысамын, – дейді Бекзат.

Учаскелік инспектордың күнделікті қызметі – тұрғындармен кездесу, шағым-өтініштерді қарау, профилактикалық әңгімелесулер өткізу, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Қызмет барысында ол ашық диалог құру мен сенім орнатуға ерекше көңіл бөледі.

– Қазіргі қоғамда полиция мен халық арасындағы сенімділік өте маңызды. Сондықтан әрбір кездесуде түсіністік пен қолдау көрсетуге тырысамын. Әріптестерімнің тәжірибесіне сүйеніп, кәсібімді үнемі жетілдіруге күш саламын, – дейді ол.

Бекзат – Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің құқықтану мамандығы бойынша түлегі. Қызметтен тыс уақытта заң әдебиеттерін оқып, кәсіби білімін тереңдетуге ұмтылады.

Оның айтуынша, полиция қызметкеріне қажет басты қасиеттер – сабырлылық, төзімділік, шапшаңдық және адамдармен тіл табыса білу. Бұл қасиеттерді күнделікті жұмысы барысында дамытып келеді.

Бекзат Таңатов – учаскелік инспектор қызметінің қаншалықты жауапты екенін терең сезінетін, кәсібіне адал жас маман. Оның әрбір күні – азаматтардың тыныштығы мен қоғам игілігі жолындағы тынымсыз еңбекке толы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру