Қоғам тыныштығы жолындағы өнерлі полиция қызметкері
Қоғам тыныштығы жолындағы өнерлі полиция қызметкері жайлы Polisia.kz сайты ақпарат ұсынады.
Полиция қызметкері Әйгерім Көрпешева - сегіз қырлы, бір сырлы жан. Ол спортпен айналысады, құрақ тігіп, ән айтады, мәнерлеп оқу, би билеуден де маман, түрлі дәмді ас дайындап, қонақ шақыруда да Әйгерімнің кәсіби аспаздардан кем емес мол тәжірибесі бар. Ішкі істер органдарындағы 5 жылға жуық қызмет ішінде ол өзінің білімі мен білігінің арқасында мамандығының да майталманы бола білген.
Батыр Әлия туылған киелі Қобда жерінде туып-өскенін Әйгерім Нұрмұханқызы өзіне зор мақтан етеді. Бұл жерде тұратын әрбір арудың рухты, адал болмауы мүмкін емес деп санайды ол.
Полицияға келуіне Астана қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетін "құқық қорғау қызметі" мамандығы бойынша аяқтауы ықпал еткен. Еңбек жолын Қобда ауданы әкімдігінде бас маман болып бастаған Әйгерім Көрпешева, жүрек түкпіріндегі мамандығы бойынша қызмет етуге деген құлшынысы 2021 жылы оны Қобда ауданы полиция бөліміне қызметке әкелген.

Жанары жалындаған жас ару білімі, психологиялық, физикалық даярлығы бойынша барлық сынақтардан сүрінбей өтіп, сол жылы жаңадан ашылып жатқан отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегіинспектор болып тағайындалған. Кейін мансаптық өсіп, осы сала бойынша облыстық департаментке ауысқан. Бүгінгі күнге дейін нәзік ару отбасы бақыты үшін күресіп, балалар мен әйелдерді қорғау жолында аянбай адал еңбек етіп келеді.
- Көптеген аруымыз - жұбайы ұрып-соқса ғана зорлық-зомбылыққа жатады деп ойлайды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, көбіне отбасында әйелдер психологиялық зорлыққа жиі ұшырайды. Қорқыту, кемсіту, ар-намысына тию сияқты әрекеттердің бәрі – құқық бұзушылыққа жатады, – дейді Әйгерім Көрпешева.
- Өзім заңгерлер отбасында дүниеге келдім. Бала кезімнен ата-ана мейіріміне қанып өскен мен үшін әлі күнге дейін агрессорлардың отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларды көргенде жаным ауырады. Құқық бұзушыға қатысты қатаң шаралар қабылдауға, ана мен балаға барлық қажетті көмек беруге үшін барын жасаймыз. Агрессорларға да психологиялық көмек көрсету шаралары қабылданады. Өкінішке қарай, ер адамның мінез-құлқы бала кезінен отбасында алған тәрбиесі мен өсіп-өнген ортасының негізінде қалыптасады. Сондықтан, зорлық-зомбылыққа бейім ересектерді қайта тәрбиелеу, отбасы құндылықтарын сіңіру – аз уақыттың еншісінде емес, – дейді Әйгерім Нұрмұханқызы.
- Әрбір отбасының бақытты болғанын, жанұяда әкенің мейірімді жүзі, ананың бақытты келбеті, баланың шат күлкісі естілсе деп армандаймын. Ол үшін, ең алдымен ерлеріміз – отбасының қорғаны да, тірегі де өзі екенін сезініп, аманаттың жүгін сезіне білсе екен деп ойлаймын, – дейді полицей ару.
Мамандығын жан-тәнімен сүйіп атқаратын ақжарқын, еңбекқор талай ананың алғысын алып, облыс әкімдігі, ІІМ басшылығымен де бірнеше рет марапатталған. Өткен жылдың өзінде полиция аға лейтенанты Әйгерім Көрпешева облыс бойынша "Үздік маман" атанып, облыстық Абай оқуларының бас жүлдесін иеленген.
