Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қоғам тыныштығын күзеткен учаскелік полицейдің бір күні

Қоғам тыныштығын күзеткен учаскелік полицейдің бір күні жайлы Polisia.kz сайты ақпарат ұсынады.

Атырау облысында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде учаскелік полиция инспекторларының рөлі ерекше. Солардың бірі — Атырау қаласы полиция басқармасына қарасты №2 қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Сәбит Ысқақ. Ол Береке мөлтек ауданындағы №20 учаскелік полиция пунктінде қызмет атқарып, 3000-нан астам тұрғыны бар аумаққа жауапты.

Сәбит полиция қатарындағы еңбек жолын 2015 жылы патрульдік полиция қызметкері ретінде бастаған. Бүгінде ол учаскедегі тұрғындармен тұрақты әрі тығыз байланыс орнатуға басымдық береді.

Қазіргі таңда учаскелік пунктте алты инспектор қызмет атқарады, олардың барлығы тұрғындармен арнайы WhatsApp чаттары арқылы байланыс жасайды. Бұл формат азаматтардың өтініштері мен сұрақтарына уақтылы жауап беруге, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Қызмет барысында учаскелік инспекторға түрлі сипаттағы өтініштер түседі. Бір тұрғын тұрмыстық дау бойынша көмек сұраса, енді бірі көршілер арасындағы тәртіпке қатысты шағымын жеткізеді, ал кей азаматтар құқықтық кеңес алуға жүгінеді. Учаскелік полицей әрбір өтінішке мұқият қарап, тұрғындармен жеке жұмыс жүргізуге тырысады. Оның басты мақсаты — мәселені ушықтырмай, заң аясында түсіндіру арқылы шешу.

Сәбит Ысқақтың айтуынша, учаскелік полиция қызметіндегі күрделі тұстардың бірі — адамдармен тіл табыса білу. Әр азаматтың мінезі мен өмірлік жағдайы әртүрлі болғандықтан, бірдей тәсіл қолдану мүмкін емес. Кейбір жағдайларда ескертулерге құлақ аспау, талаптарды орындаудан бас тарту немесе жағдайды әдейі шиеленістіру деректері де кездеседі. Осындай сәттерде сабыр сақтап, кәсіби шеберлік таныту аса маңызды.

Осындай өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары учаскелік полицейлердің арқасында тұрғындардың полицияға деген сенімі артып, қауіпсіз орта қалыптасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру