Қоғамдық көлікте тұрғынның телефонын қолды еткен өскемендік ұсталды
Қоғамдық көлікте тұрғынның телефонын қолды еткен өскемендік ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ертіс ПБ-ның кезекші бөліміне 18 жастағы жергілікті тұрғын телефоны ұрланғанын айтқан. Оқудан шығып, қалалық автобустардың біріне отырған қыздың қалтасынан белгісіз адам құны 400 мың теңге тұратын телефонын ұрлап кеткен. Жоғалғанын байқаған қыз дереу полицияға жүгінді.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Өскемен қаласы ПБ ППБ Бекет-4 инспекторлары қала көшелерін патрульдеу кезінде қаскөйді қолға түсірді. Ұрлық жасады деген күдікпен облыс орталығының 44 жастағы тұрғыны полиция бөліміне жеткізілді. Жауап алу барысында ер адам кінәсін мойындап, айғақ зат тәркіленді.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Осы баптың санкциясы үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.