Қоғамдық орындарда тиісушілерге шара қолданылды
Атырауда полицейлер қоғамдық орындарда адамдарға тиісетін адамдарды әкімшілік жауапкершілікке тартуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырауда полиция қызметкерлері адамдарға қоғамдық орындарда тиісетін азаматтарды анықтау мақсатында облыс орталығының барлық ірі сауда нүктелеріне рейдтер жүргізді.
Рейд барысында қайыр сұраумен айналысатын төрт адам анықталып, оларға қатысты ӘҚБтК-нің 449-бабы (Қоғамдық орындарда тиісу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Сонымен қатар осы баппен жеті такси жүргізушісіне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Барлық құқық бұзушыларға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Жыл басынан бері Атырау қаласында ӘҚБтК-нің 449-бабы бойынша 800-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың 100-і адам тасымалдаумен айналысатын жеке такси жүргізушілері болып табылады. Анықталғандар арасында 80-ге жуығы осы құқық бұзушылықты қайталап жасағандар.
Құқық бұзушылықты қайталап жасаған он адамға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, 70 адам бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды.
Бұдан басқа белгілі бір тұрғылықты мекенжайы жоқ 28 азамат әлеуметтік бейімдеу орталығына, ал жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ 93 адам қабылдау – тарату орнына орналастырылды.