Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қоғамдық қауіпсіздік күзетіндегі тәжірибелі маман

Атырау облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығы – қала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі құрылымдардың бірі. Мұнда түскен әрбір хабарлама жедел тіркеліп, тиісті полиция күштері оқиға орнына бағытталады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі уақытта орталықта 95 қызметкер еңбек етеді. Олар қылмыс пен түрлі оқиғалар туралы хабарламаларды қабылдап, тіркеп, жедел-тергеу топтары мен полиция қызметкерлерін дер кезінде бағыттайды.

Осы маңызды қызметтің жұмысын үйлестіруге үлес қосып жүрген мамандардың бірі – жедел басқару орталығы бастығының орынбасары әрі жедел ден қою бөлімінің бастығы Жанат Рахметова. Ол ішкі істер органдарындағы қызметін 2004 жылы бастап, 2019 жылдан бері қазіргі лауазымында еңбек етіп келеді. Қызмет барысында ол бірқатар қылмыстарды ашуға қатысып, 2012 жылы "Ішкі істер органдарының үздігі" марапатына ие болған.

Жанат Рахметованың айтуынша, "102" арнасына тәулігіне орта есеппен 250–300 қоңырау түседі. Сонымен қатар "Police 102", "eGov Mobile", "Kaspi.kz", "Halyk Bank" сервистері арқылы да хабарламалар қабылданады. Қазіргі уақытта орталық жаңартылған "ЖБО 2.0" бағдарламасымен жұмыс істейді. Бұл жүйенің басты ерекшелігі – оқиға мекенжайы автоматты түрде анықталып, ақпарат бірден тиісті бөлімшеге жолданады. Соның арқасында полицияның әрекет ету уақыты едәуір қысқарады.

Жанат Елемесқызы үшін полиция қызметі – тек мамандық емес, отбасылық дәстүрдің жалғасы. Оның әкесі, отставкідегі полиция полковнигі Елемес Рахметов ішкі істер органдарында 33 жыл қызмет атқарған. Әке жолын жалғаған ол құқық қорғау саласындағы қызметін өмірлік таңдау деп біледі.

– Қызмет тәулікпен санаспайды. Дегенмен, отбасының қолдауы әрдайым маңызды. Бос уақытымды жақындарыма арнауға тырысамын, – дейді полицей.

Жедел басқару орталығының негізгі міндеті – қоғам тыныштығын сақтау және әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әрбір қоңырауға жедел жауап беру – тұрғындардың қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Ал Жанат Елемесқызы секілді тәжірибелі мамандардың еңбегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы жүйелі жұмыстың айқын көрінісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру