Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қоғамдық қауіпсіздіктің қырағы сақшысы — учаскелік полицей Әлихан Әміров

Қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде учаскелік инспекторлардың орны ерекше. Халықпен тығыз жұмыс істейтін бұл мамандар күнделікті өмірдегі түрлі мәселелерді шешуге атсалысып, құқық бұзушылықтың алдын алуға күш салады. Осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып жүргендердің бірі – Атырау қаласының учаскелік полицейі, полиция аға лейтенанты Әлихан Әміров туралы Polisia.kz сайты баяндап береді. 

Қоғамдық тәртіп пен тұрғындар тыныштығын сақтауда учаскелік инспекторлардың рөлі өлшеусіз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде ерекше атап өткен болатын: "Учаскелік инспекторлардың әлеуетін одан әрі нығайту қажет. Себебі олар – іс жүзінде мемлекет пен қоғам арасындағы басты дәнекер. Жергілікті тұрғындар үшін учаскелік инспектор – қорғаушы, құқықтық кеңесші, тіпті әділдік іздегенде жүгінетін соңғы инстанция".

Міне, осындай үлкен сенім мен жауапкершілікке ие қызметті абыроймен атқарып жүрген азаматтардың бірі — Атырау қаласы полиция басқармасы №1 қалалық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Әлихан Әміров.

Әлихан 2000 жылы 20 қыркүйекте Атырау облысы Құрманғазы ауданы Самаркино ауылында дүниеге келген. Алдымен Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінде білім алып, кейін 2021 жылы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетін тәмамдайды. 2023 жылдың тамыз айынан бастап ішкі істер органдарында қызмет атқарып келеді.

Әлихан Әміровтің жұмыс кестесі — тұрғындардың арыз-шағымдарын қабылдап, мәселелерді шешуге тырысумен өтеді. Қылмыстың алдын алу, профилактикалық түсіндіру, құқықтық кеңес беру — бұл мамандықтың күнделікті міндеті.

— Келіп түсетін шағымдардың сипаты әртүрлі. Қазір азаматтар полицияға сеніммен қарайды, көмек сұрайды. Әрбір өтініш — біз үшін маңызды. Қандай да бір арыз назардан тыс қалмауы тиіс, — дейді учаскелік инспектор.

2024 жылдың маусым айында Әлихан Әміров отбасылық жанжал жөніндегі хабарлама бойынша оқиға орнына барады. Кәсіби сезімталдығы мен байқағыштығының арқасында ол күдіктінің есірткі затын пайдаланатынын және оны қайдан алатынын анықтайды. Жедел уәкілдермен бірлесіп жүргізілген шаралар нәтижесінде есірткі өсіру және сату фактісі дәлелденіп, іс сотқа жолданған.

Бұл оқиға — учаскелік инспектордың тек алдын алу шараларымен шектелмей, нақты қылмыстардың жолын кесуде де шешуші рөл атқара алатынын көрсетеді.

Учаскелік полицейлер – тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істейтін құқық қорғау органдарының алдыңғы шебі. Әлихан Әміров сынды кәсіби әрі жауапкершілікті сезінетін мамандардың арқасында ел ішінде тәртіп орнап, азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде.

Қоғам тыныштығын күзетіп, күн сайын сынға толы қызметін атқарып жүрген осындай сақшылар – мемлекет пен халық арасындағы сенімді байланыстың тірегі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру