Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қоғамға адал қызмет етуші тергеушінің өмірлік ұстанымы

Астана қаласы полиция департаменті тергеу басқармасының аға тергеушісі Айдар Жарымбетов – қызметіне адал, ел тыныштығын сақтау жолында жан аямай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларының бірі, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Айдар Ерлікұлы ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2016 жылы бастаған. Балалық шағынан-ақ детектив жанрындағы кітаптарға әуес болған ол, болашақ өмірін тергеу қызметімен байланыстыруды армандады. Құқық қорғау саласына деген қызығушылығы мен адалдығы оны кәсіби биіктерге жетеледі. Бүгінде қос батырдың әкесі, отбасында – үлгілі жар, жұмыста – білікті маман.

Тергеушінің жұмысы – күрделі әрі көп қырлы. Қылмыстық іс келіп түскен сәттен бастап, тергеу басталады. Оқиға орнын қарау, дәлелдер жинау, куәлардан жауап алу, күдіктілермен жұмыс жүргізу – мұның бәрі жүйелілік пен терең заң білімін талап етеді. Айдар тек қылмыстық кодексті емес, банк, азаматтық, әкімшілік, денсаулық сақтау салаларындағы заңдарды да жетік меңгерген.

Ол өз тәжірибесінде түрлі күрделі қылмыстарды ашқан. Әсіресе, алаяқтық істері ерекше назарда. Бұл – қитұрқы әдістермен жасалатын, сенімді теріс пайдалану арқылы жеке және заңды тұлғаларға зиян келтіретін қылмыс. Айдардың мұқияттығы мен кәсіби шеберлігі арқасында мұндай істердің беті ашылып, кінәлілер жауапқа тартылған.

Қызметтен тыс уақытта тергеуші спортпен айналысады – футбол ойнап, жүгірумен шұғылданады. Оның пікірінше, физикалық дайындық – полицейдің кәсіби қабілетінің бір бөлігі.

– Тергеуші болу – абыройлы міндет. Бұл сала әділеттілік пен төзімділікті талап етеді. Әр істі мұқият қарап, адам тағдырына бейжай қарамау – басты қағидам. Ел тыныштығына үлес қосып жүргенім – мен үшін үлкен мәртебе, – дейді Айдар Жарымбетов.

Ол – егемен елдің заңын қорғап, азаматтардың құқығын әділдікпен күзетіп жүрген нағыз тәртіп сақшысы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру