Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қолайсыз ауа райы: Қарағанды облысында полиция күшейтілген режимде қызмет етіп жатыр

Қарағанды облысындағы жолдарда полиция қызметкерлері қолайсыз ауа райына байланысты күшейтілген режимде қызмет етіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысының автожолдарындағы жағдай ауа райының нашарлауына байланысты күрделі болып отыр. 20 қаңтардан бастап республикалық маңызы бар Қарағанды – Астана және Қарағанды – Балқаш автожолдары уақытша жабылды.

Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция батальоны мен аумақтық бөлімшелердің жеке құрамы күшейтілген қызмет көрсету режиміне көшірілді. Ауа райының нашарлауынан бастап полиция қызметкерлері жолдардың жағдайын үнемі тексеріп, жолда қалған жүргізушілерге көмек көрсетіп жатыр.

21 қаңтар күні сағат 13:00-дегі жағдай бойынша Қарағанды облысының жолдарында мыңнан астам көлік тіркелді, оның ішінде 527 жеңіл, 500 жүк көлігі және 9 қоғамдық көлік бар.

– Өздеріңіз білетіндей, кеше республикалық маңызы бар Қарағанды – Астана трассасы жабылды. Теміртау терминалы маңында Қарағанды – Астана бағытында шамамен 300 көлік тұр. Бұған дейін бұл жерде көліктер саны одан да көп болған, бірақ кейбір жүргізушілер жолдың жабық болуына байланысты кері қалаға оралды. Таңертең патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жолдарды тексеріп, қар құрсаулары мен қар үйінділерін анықтады. Жолдағы жағдай туралы барлық ақпарат пен бейнематериалдар «ҚазАвтоЖол» мекемесіне жіберілді және жол қызметтері қар тазалау жұмыстарын бастады, – деп атап өтті Қарағанды облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов.

Полиция ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілерді алыс жолдарға шықпауға шақырады, бұл төтенше жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру