Қолдарына күрек алып тұрғындарға көмекке шықты
Демалыс күндері Петропавл қаласы Полиция Басқармасының тергеушілері қарлы бораннан кейінгі қар тазалау жұмыстарына көмекке шықты. Олар бөлімше аумағын тазалағаннан соң, Ұлы Отан соғысының ардагері 91 жастағы әжейдің есік алдын қардан тазартты. Полицейлердің қайырымды ісіне ризашылығын білдірген қария, тиісті мекеме қызметкерлеріне жылы лебізін жеткізді.
«Біз, әрине демалыс уақытында ерікті түрде көмекке мұқтаж жандардың ауласын тазартқанымызды абырой санаймыз », – дейді полиция бөлімшесі бастығының орынбасары Нұржан Омаров. «Бір қызығы біздің бұл бастамамыз өзгелерге де жұғысты болды. Бізге қарап, тұрғындар да қолдарына күрек алып, іске кірісті »
Әлеуметтік ортамен байланыс үзбеу – полиция жұмысының ажырамас бөлігі екені сөзсіз. Жергілікті полиция жедел-құтқару жасағының жауынгерлері бұл пікірмен толығымен келіседі. Арнайы жасақтың 10 қызметкері «Айгөлек» балабақшасының аумағын тазартуға көмектесті. Олар әрі қарай Клара Цеткин көшесіне шықты. Бұл жұмыстар өткен жылы да атқатырлған болатын. Алдағы уақытта да жалғасын табады.
«Біз #BizBirgemiz челенджі туралы естігенбіз. Бірақ, бұл жұмыстардың оған қатысы жоқ. Мұны бізге ешкім тапсырған емес. Өз еркімізбен жасалған әрекет болатын », – дейді бөлім командирі подполковник Эрик Кулжанов.