Қонаев полицейлері акция барысында қарттар үйінің аумағын көгалдандырды
Қонаев полицейлері «Таза Қазақстан» акциясы барысында қарттар үйінің аумағын көгалдандырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында облыс орталығының полиция қызметкерлері Алматы облысындағы қарттар үйінің аумағын көгалдандырды.
– Акция аясында «Өнегелі ұрпақ» аптасы басталды. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет дегендей, үлкендерге жақсылық жасау біз үшін мәртебе, – деді Қонаев қаласы полиция бөлімінің бастығы Ұлан Садықов.
Акцияға тек полиция қызметкерлері ғана емес, облыс орталығындағы кадет сыныптарының оқушылары да қатысты.
– Қазір әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 100-ден астам қарт адам тұрады, олардың көпшілігі мүгедектер, ал олар үшін жалғыз демалыс орны – әлеуметтік мекеменің ауласы. Ал тәртіп сақшылары мен олардың жас көмекшілері қарттарымызды назардан тыс қалдырмағаны бізді қатты қуантады. Олардың көмегі біздің қарттар үйі үшін өте маңызды, – деп атап өтті мекеме басшысы Ержан Әбдіразақов.
Барлығы 50-ден астам жеміс ағаштары отырғызылды. Ұйымдастырушылар жасыл алаңдардың тамыр жаятынына күмән келтірмейді. Көшеттерге тиісті күтімді әлеуметтік мекемелер қамтамасыз ететін болады.