Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қонаевта әйелдердің құқығын қорғауға арналған жиын өтті

Қонаевта әйелдердің құқығын қорғауға арналған жиын өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысының әкімшілік орталығы – Қонаев қаласында "AMANAT" партиясының облыстық филиалы жанындағы консультативтік-кеңесші орган – "Әйелдер қанатының" отырысы өтті. Жиында әйелдердің құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мәселелері кеңінен қаралды.

Іс-шараға өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдермен тікелей жұмыс істейтін полиция қызметкерлері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Басқосу барысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қою, жәбірленушілерге құқықтық және психологиялық көмек көрсету жайы кеңінен талқыланды.

Алматы облысы полициясының өкілдері тұрмыстық жанжалға байланысты түскен әрбір дабыл мұқият тіркеліп, жедел әрекет жасалатынын атап өтті.

– Полицияның міндеті тек құқық бұзушылықты тоқтату емес. Біз қайғылы оқиғалардың алдын алуға, қауіптің қайталануына жол бермеуге тырысамыз, – деді жиынға қатысқан тәртіп сақшылары.

Кездесу барысында ауылдық өңірлерде көмек қолжетімділігін арттыру, әйелдерге бағытталған қауіп-қатерді ерте анықтау тетіктерін жетілдіру және халық пен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді арттыру мәселелері де қозғалды.

Жиын соңында қатысушылар мұндай басқосуларды жүйелі түрде өткізіп тұру қажеттігін атап өтіп, бұл – әйелдердің құқықтарын қорғау ісін жетілдірудің және зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастырудың маңызды қадамы екенін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру