Қонаевта алғаш рет құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге полицейлер мен әскери қызметшілер қосылды
Қонаевта алғаш рет қоғамдық тәртіпті сақтауға 150-ге жуық полиция қызметкері мен әскери қызметшілер қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қонаев қаласының орталық алаңында полиция қызметкерлері мен ҚР Ұлттық ұланының гарнизондық сап түзеуі өтті. Оған жергілікті полиция қызметінің, оның ішінде учаскелік инспекторлардың, ювеналды полицияның жеке құрамы қатысты.
– Алғаш рет Қонаев қаласы бойынша қоғамдық тәртіпті сақтауға 150-ге жуық полиция қызметкері мен әскери қызметшілер қатысты. Жүргізілген талдау бойынша ең көп адам жиналатын орындарда, саябақтар мен қала шетінде жаяу патрульдеуді жүзеге асыру үшін 30 маршрут құрылды. Біздің жаяу патрульдердің міндеті – қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Аленов.
Сап түзеу кезінде қатысушылардың нысанды киім-кешектері, олардың арнайы техникалық құралдармен жарақтандырылуы және қызметтік көлік құралдары тексерілді. Сонымен қатар облыстың бас полицейі Бауыржан Аленов оқиға орнына шақыру және жіберу кезінде нарядтардың өңір тұрғындарының конституциялық құқықтары мен жеке қауіпсіздігін мінсіз сақталуы тиіс екендігіне баса назар аударды. Соңында гарнизон әскери оркестрдің үнімен салтанатты шерумен өтті.