Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қонаевта полицейлер “Aspan Fest” шарасында тұрғындарға интернет-алаяқтықтан сақтану жолдарын түсіндірді

Алматы облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қонаев қаласында интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған түсіндіру іс-шарасын өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл акцияның ерекшелігі – оның апта сайын өтетін мәдени бағдарлама — “Aspan Fest” аясында ашық форматта, қала тұрғындарымен еркін қарым-қатынас түрінде ұйымдастырылуы болды. Адамдардың көп жиналуы мен мерекелік атмосфера полиция қызметкерлерінің маңызды ақпаратты кең аудиторияға жеткізуіне мүмкіндік берді.

– Полиция қызметкерлері азаматтарға интернет алаяқтықтың кең тараған тәсілдерін еске салды: фишингтік сілтемелер, жалған интернет-дүкендер, «банк қызметкерлерінен» келетін қоңыраулар, инвестициялық тұзақтар және тағы басқалар. Сондай-ақ тәртіп сақшылары азаматтарды онлайн сатып алу кезінде мұқият болуға, бөгде адамдарға жеке және банк деректерін бермеуге, сондай-ақ күмәнді жағдайлар туындағанда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырды, – деп атап өтті ведомствода.

Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – халықты ақпараттандырумен қатар, полиция мен тұрғындар арасындағы сенімді нығайту, азаматтардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру.

Сол сияқты түсіндіру жұмыстары халық көп шоғырланатын "Қазпошта" бөлімшелерінде және қаланың танымал жағажайларының бірінде де өтті. Бұл орындардың таңдалуы кездейсоқ емес – полиция қызметкерлері ақпараттық қамтуды барынша кеңейтіп, пайдалы мәліметтерді мүмкіндігінше көп адамға жеткізуді көздейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру