Қонаевта тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған дөңгелек үстел өтті
Қонаев қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған дөңгелек үстел өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қонаев қаласында жергілікті полиция қызметінің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімі бастамашы болған дөңгелек үстел отырысы өтті. Басқосу отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, халықтың осал топтарын қорғау және құқықтық қолдау көрсету мәселелеріне арналды.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, діни бірлестіктер, қоғамдық кеңес мүшелері мен әйелдер мен балалардың құқығын қорғау саласында еңбек етіп жүрген мамандар қатысты. Кездесу барысында қатысушылар құқықтық сауаттылықты арттыру, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына шұғыл көмек көрсету мәселелерін жан-жақты талқылады.
Полиция қызметкерлері қазіргі таңда қолданыстағы құқықтық тетіктер – қорғау нұсқамасы, жәбірленушілермен жұмыс жүргізу тәртібі, қолдау орталықтарымен байланыс және тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы сигналдарға жедел әрекет ету жүйесі жөнінде кеңінен ақпарат берді.
— Біз тек құқық бұзушылықтың салдарын жоюмен шектелмей, оның алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізудеміз. Зорлық-зомбылыққа қоғамда мүлдем төзбеушілік ахуалын қалыптастыру – барлық мүдделі тараптардың бірлескен күш-жігерінің нәтижесі болуы тиіс, — деді бөлім қызметкерлері.
Жиынға қатысушылар мұндай ашық пікір алмасу алаңдарының маңызын атап өтіп, зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған нақты іс-қимылдар мен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.
Шара соңында тараптар қылмыстың алдын алу жұмыстарын жандандыру, полиция мен азаматтық қоғам арасындағы серіктестікті одан әрі дамыту жөнінде нақты міндеттерді айқындады.