Қонаевта жастар мен ардагерлер "Заң мен тәртіп" тақырыбында бас қосты
4 қыркүйекте Алматы облысы Қонаев қаласындағы қалалық парк анфитеатрында "Заң мен тәртіп – қоғам қауіпсіздігі" тақырыбында Ауған соғысы ардагерлерімен тағылымды кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға "Жас сақшы" сыныптарының оқушылары, ардагерлер және полиция департаментінің жас қызметкерлері қатысты. Кездесу мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталып, патриоттық рухта өрбіді.
– Заң мен тәртіп – қоғам қауіпсіздігінің негізі. Бұл тақырыпты ел батырлары – Ауған соғысы ардагерлерімен бірге талқылау жастар үшін үлкен өнеге, – деді ПД бастығының орынбасары Ұлан Садықов.
Ардагерлер жас буынға патриоттық тәрбие, әскери тәртіп пен жауапкершілік жайында ой қозғап, өздерінің ерлік жолдарынан сыр шертті. "Ерлік пен өнеге – ашық әңгіме" бөлімінде оқушылар мен жас тәртіп сақшылары ардагерлерге сұрақтар қойып, еркін пікір алмасты.
Кездесу барысында ардагерлер мен "жас сақшыларға" алғыс хаттар, "Дінмұхамед Қонаев" естелік эссесі және "Менің атым Қожа', "Қазақ хандары", "Ботакөз", "Ұлпан" сынды кітаптар табыс етілді. Әскери-патриоттық әндер шырқалып, кештің рухын асқақтатты. Шара соңында ашық аспан астында Ауған соғысына арналған деректі фильм көрсетіліп, қатысушылар естелікке суретке түсті.
Бұл кездесуде ардагерлердің қайсарлығы мен әскери тәжірибесі жас ұрпақ үшін тағылымды үлгіге айналды. Қоғамдағы тыныштық пен бейбіт өмірдің кепілі – заңға бағыну және тәртіпті сақтау екендігі айқын көрсетілді.
Жастар үшін бұл басқосу – патриоттық тәрбие мен Отанға адал қызмет етуге шақырған өмірлік сабақ болды.