Қоқыс иесін анықтауға пошта сәлемдемесі көмектесті
Атырауда көшеге қоқыс тастаған тұрғынды пошта сәлемдемесі ұстап берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 желтоқсан күні түстен кейін Әйтеке би көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғыны қоқыс салатын контейнерге дейін баруға ерініп, тұрмыстық қоқысты көше бойына тастай салған.
Бір қызығы, құқық бұзушыны анықтауға полиция қызметкерлеріне қоқыс үйіндісі арасындағы қоқыс шығарған үйдің мекенжайы көрсетілген пошта сәлемдемесі көмектесті.
Полиция қызметкерлері қоқыс тастаған азаматшаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабының 2-бөлігі (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіруді бір жыл ішінде қайталап жасау) бойынша әкімшілік хаттама толтырды, енді ол 41 670 теңге көлемінде айыппұл төлейді.
Айта кетейік, жыл басынан бері Атырау қаласында аталған бап бойынша 2000-ға жуық адам жауапкершілікке тартылды.