“Қорғау – қауіпті жүргізуші”: Атырауда 1,5 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды
“Қорғау – қауіпті жүргізуші” мобильді қосымшаның көмегімен Атырауда 1,5 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол жүрісі ережелерінің сақталмауы мен құқық бұзушылықтардың қайталануы Атырау қаласында жол-көлік оқиғаларының артуына алып келіп жатыр. Бүгінде полицейлердің көмекші құралына айналған “Қорғау – қауіпті жүргізуші” мобильді қосымшасы арқылы жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, айыппұл төлеуден жалтарғандарды оңай анықтауға болады.
Сондай-ақ жалған мемлекеттік белгі орнатып, көлік басқарғандар, жол ережесін сақтамай, қауіп төндіргендер бүгінде “Сергек” камералары мен Interceptor жүйесі арқылы анықталып жатыр.
Атырау қаласының полиция басқармасы ЖБО бейнебақылау қызметкерлері мобильді бағдарлама арқылы жол ережесін бұзып, айыппұл арқалаған көлік жүргізушілерін назарға алып, патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыттама береді.
Соңғы екі ай ішінде атыраулық полицейлер “Қорғау – қауіпті жүргізуші” бағдарламасы арқылы барлығы 1500-ден астам құқық бұзушылықты анықтаған. Оның ішінде, жалған мемлекеттік белгі тағып көлік басқарған – 4, басқару құқығынан айырылған күйде көлік жүргізу – 17, сақтандыру полисінсіз жүрген – 607, мемлеттік белгісі жоқ күйде көлік жүргізген – 36, айыппұл төлеуден жалтарғандар дерегі бойынша 450 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Сондай-ақ 681 көлік құралы арнайы айыппұл тұрағына қойылып, үш автокөліктің мемлекеттік белгісі түсіріліп, 2605 көлік жүргізушісіне қорғау нұсқамасы шығарылды.
Бұған қоса, төленбеген 10 айыппұлы бар жалпы берешегі 211 974 теңгені құрайтын Lexus және 502 714 теңгені құрайтын 38 айыппұлы бар Toyota автокөліктері анықталып, айыппұлы өңдіріліп алынды.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.