Қос полицей жолда қалған 12 көлікке көмек көрсетті
Түркістандық қос полицей жолда қалған 12 көлікке көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің патрульдік полиция инспекторлары әрдайым қызмет бабында жүргенде көмекке мұқтаж болған жүргізушілер мен жолаушыларға көмектесіп, алғыс арқалап келеді. Яғни патрульдік полицияның қызметкерлері Ғалымжан Жақсылықов мен Алмат Смандияров Алматы-Ташкент-Термез трассасының 647 шақырымында кезекті патрульдеу кезінде жол жиегіндегі қар құрсауынан шыға алмай қалған жүк көлігін байқайды. Ауа райының қолайсыздығы мен қардың қалың жауғаны аталмыш көлікке кедергі туғызса керек, жүргізуші күрегін алып қарды тазалап жатыр екен. Суық күнде қар борап тұрған уақытта әбігерге түскен жүргізушіні көрген полицейлер бірден көмекке ұмтылады. Ер азаматтың қолындағы күрегін алып, екі полицей кезектесіп, көлік доңғалақтарын қардан тазалайды. Сондай-ақ жүретін жолына құм шашып, жүк көлігінің жеңіл қозғалуына жағдай жасайды. Осыдан соң қос полицейдің көрсеткен қолғабысына жүргізуші өз ризашылығын білдіріп, рақметін айтты.
Қыс басталғалы, небары бір айдың ішінде қос полицей жолда түрлі жағдайлармен қалған 12 көлікке көмек көрсетіп, жүргізушілердің алғыстарын алған.
– Жүк көлігі Тараз бағытына қарай жолға шыққан екен, көмек керек болғанын тез түсініп, тоқтап, ары қарай жүріп кетуіне көмектестік. Негізі біз жолда жүріп патрульдейтін болғандықтан, мұндай жағдайлармен жиі ұшырасамыз. Жақында ғана жол жиегінде көлігі бұзылған жүргізушіні көріп, көлікті сүйрейтін автокөлікті шақырып, жақын маңдағы автосервиске жеткізген болатынбыз. Сондай-ақ көлігінің жанар жағармайы таусылып қалған жүргізушіге қажеттісін жеткізіп беріп, көмектескен едік. Ол кезде де жүргізуші мен жолаушылар өз алғыстарын айтып кеткен болатын, – дейді полицей Алмат Смандияров.
Осылайша, қар құрсауында қалған жүргізушілерге қолғабыс еткен қос полицей қандай жағдай болмасын бірінші кезекте халыққа көмектесу міндетіміз дейді. Сонымен қатар барлық азаматтарға жолға шыққанда аса қажетті заттарын жанында алып жүруді және жол жүру ережелерін бұзбауды ескертеді. Ал ауа райы қолайсыз болған кезде жолға шығудан бас тартуға кеңес береді.