Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қос жауапкершілік жүгін көтерген жан

Қос иыққа тағылған жұлдыз – тек атақтың белгісі емес, зор сенім мен өлшеусіз жауапкершіліктің нышаны. Ал сол жауапкершілікті абыроймен арқалай жүріп, аяулы ана, ардақты жар болу – қайсар мінезді, өр рухты әйелге ғана тән қасиет. Сондай жандардың бірімен Polisia.kz сайтында таныс болыңыздар.

Бүгінде қоғамда "погондағы әйел" деген ұғым берік орнығып, полиция сапындағы нәзік жандылардың болмысы жаңа қырынан танылып келеді. Солардың бірі – Атырау қаласы полиция басқармасының штаб бөлімінің бастығы Қарлығаш Тастемирова.

Төрт баланың анасы Қарлығаш Жалғасбайқызы еңбек жолын 2003 жылы ҚР ІІМ Семей заң колледжін, ал 2012 жылы ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды заң академиясын үздік тәмамдағаннан кейін бастаған. Алғашқы қызметін Ақтау қаласында тергеуші лауазымынан бастап, кейін криминалдық полиция саласында жалғастырды. 2013 жылы отбасылық жағдайына байланысты Атырау қаласына қоныс аударып, қызметін осы өңірде өрістетті. Ішкі істер органдарында жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман бүгінде жауапты штаб бөлімін басқарып отыр.

Қызмет жолын таңдауға әкесінің өнегесі айрықша әсер еткен. Төтенше жағдайлар саласында ұзақ жыл еңбек етіп, зейнетке абыроймен шыққан әкесінің әділдігі мен қызметке деген адалдығы Қарлығаш Жалғасбайқызының өмірлік ұстанымын айқындап берген.

– Өмірде әділетсіздікке бейжай қарау – менің табиғатыма жат. Заңды терең меңгеріп, сол арқылы адамдарға нақты көмек көрсетуді қаладым. Сондықтан бұл мамандықты саналы түрде таңдадым, – дейді ол.

Қарлығаш Жалғасбайқызы үшін қызметтегі басты қағидат – заңдылық, адалдық және жауапкершілік. Штаб жұмысы асқан дәлдікті, жедел шешім қабылдауды әрі жоғары ұйымдастырушылық қабілетті талап етеді. Өйткені мұнда ақпараттың нақтылығы мен уақытылы үйлесімділігі шешуші мәнге ие. Ал негізгі мақсат – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайту.

Қызмет пен отбасылық өмірдің тепе-теңдігін сақтай білген ол – кәсіби шеберлік пен адами парасатты қатар ұстанған тұлға. Нәзіктік пен табандылықты үйлестіре білген Қарлығаш Жалғасбайқызы – бүгінгі қоғамдағы полиция қызметіндегі әйелдердің жарқын бейнесін айқын айшықтайтын өнегелі жан.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру