Қостанай академиясында ерекше әрі маңызы зор кездесу өтті
Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында ерекше әрі маңызы зор кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Ішкі істер министрлігінің Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында ерекше әрі маңызы зор кездесу өтті. Болашақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің мүшелерімен ашық диалогқа қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – жастар неге есірткіні тұтынуға бейімделіп барады және бұл қатерлі үрдісті қалай тоқтатуға болады деген сауалдарға нақты жауап іздеу болды.
Жиын барысында сөз алғандар қатарында полиция қызметкерлері, танымал спортшылар, қоғам белсенділері мен урбанистер болды. Олар курсанттарға нашақорлықтың салдарын тек ресми деректермен емес, шынайы оқиғалар мен жеке тәжірибе арқылы жеткізуге тырысты.
"Kenguru Kazakhstan" брендінің негізін қалаушы, жеңіл атлетика және конькимен жүгіруден Қазақстан чемпионы, "Наркостоп" жобасының авторы Данил Аитов курсанттарға үндеу тастады:
– Есірткі – бұл адамзатқа қарсы ауыр қасірет. Бұл – сана мен немқұрайлылықтың арасындағы таңдау. Сіздер бейжай болуға хақылы емессіздер. Зұлымдыққа төзімділік – жойылуға апаратын жол.
Кездесу барысында жекпе-жек өнерінен бірнеше дүркін чемпион, спорт шебері Василий Тахтай да жастарды салауатты өмір салтына шақырды. Оның айтуынша, бүгінгі медиа кеңістікте жастарға теріс мінез-құлық пен жалған құндылықтарды насихаттайтын контент тым көп.
– Әлеуметтік желілерде шынайы құндылықтар жетіспейді. Ал нағыз күш – тәртіпте, табандылықта, мақсат қоя білуде. Бұл – кездейсоқтық емес, саналы таңдау. Мемлекет тарапынан тегін үйірмелер, жаттықтырушылар, спорт залдары бар – тек ниет болса жеткілікті, – деді ол.
Чемпион өз сөзін жауынгерлік техникалар бойынша өткізген шеберлік сабағымен түйіндеді. Өзін-өзі қорғау тәсілдерін меңгеру болашақ тәртіп сақшыларына қызмет барысында үлкен көмек болмақ.
"UIDE" қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы, "Жасыл ел" жобасының жетекшісі Саят Күзенов нашақорлықпен күресте алдын алудың шешуші рөл атқаратынын айтты.
– Жастар қателікке бой алдырмас бұрын, оларды қандай қауіп күтіп тұрғанын білуі керек. ІІМ-нің осындай кеңестер құру жөніндегі бастамасы – жастармен бір тілде сөйлесудің, оларға дұрыс жолды көрсетудің тиімді жолы, – деді ол.
Каратэ және армиялық қоян-қолтық ұрыстан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Жәдігер Саветов есірткіге қарсы тұру – тек физикалық емес, рухани ерлікті талап ететінін айтты:
– Күш – бұл тек бұлшықет емес. Бұл – дұрыс жолды таңдаудағы ішкі сенім. Нашақорлық – әлсіздіктің белгісі. Ақылмен, рухпен, жүрекпен мықты болыңыздар!
Кездесу барысында ҚР ІІМ ЕҚҚК екінші басқармасының бастығы Сергей Ильиных интерактивті блиц-сауалнама жүргізіп, курсанттарды өмірлік қиын жағдайларға негізделген сценариилер арқылы ойландыра білді.
Оның айтуынша, есірткіге әуестік көбіне зерігуден, қысымнан, өз-өзін көрсету ниетінен немесе күйзелісті жеңе алмаудан басталады. Алайда салдары – өте ауыр: денсаулықтың бұзылуы, отбасылық қатынастардың күйреуі, қаржылық қиындықтар мен заң алдындағы жауапкершілік.
– Қазіргі таңда ақпарат қолжетімді. Бірақ оны дұрыс талдап, қажеттісін сүзгіден өткізу маңызды. Ал ең бастысы – жауапкершілік. Есірткіні қолдану немесе тарату – бұл тек жеке мәселе емес, бұл – қылмыс, – деп түйіндеді ол.
Кездесу өте әсерлі, кей сәттерде эмоциялық толқуға толы өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай диалогтар тұрақты өтіп тұруы тиіс.
Бастысы – курсанттар нашақорлықтың заңдық жағын ғана емес, оның адам тағдырына тигізер залалын тереңірек сезіне алды. Бәлкім, осы жүздесу олардың болашақ өмір жолында, мансаптық таңдауларында маңызды рөл атқарар.