Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облыстық ПД қылмыстық сот ісін жүргізудің электрондық форматтағы артықшылықтары туралы айтты

Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары Бауыржан Әбенов өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг аясында қылмыстық сот істі электрондық форматта жүргізудің артықшылықтары туралы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Спикер қылмыстық іс жүргізу заңнамасының цифрландырылуы мен ашықтығы көп жағынан өзгергенін атап өтті. 2015 жылдан бастап автоматты режимде сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізілімі енгізілді. Ол өтінішті тіркеуден бастап жазаны орындауға дейін қылмыстық процестің барлық кезеңдерін қамтыды. Бұл базада сотқа дейінгі тергеудің басталуы және қабылданатын іс жүргізу шешімдері жазылады.

2018 жылдан бастап «Е-қылмыстық іс» жобасы сәтті жүзеге асырылды. Бүгінде қылмыстық істі жүргізудің электрондық форматы қылмыстың барлық санаты бойынша пайдаланылады. Электрондық форматтағы қылмыстық іс жүргізу – бұл көптеген артықшылығы бар қағаз түріндегі қылмыстық іс жүргізудің электрондық аналогы. Электрондық сот ісін жүргізу кезеңі процессуалдық уақыт пен қаржыны үнемдеуге, тергеу мерзімдерін қысқартуға, электрондық санкциялар мен басқа да анықтамалық материалдарды алуға, қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарын қамтамасыз етуге оң әсер етті.

Сонымен қатар Президент әкімшілігінің тапсырмасымен 2021 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтардың өтініштерін беру және қарау рәсімін барынша жеңілдетуге, демек, осы процеске бақылауды жетілдіруге арналған «Е-өтініш» жобасы іске қосылды. Тергеу процесінде ведомстволық бақылау және прокурорлық қадағалау жүйесі өзгерді. Енді тергеу бөлімінің бастығы тергеу барысын бақылайды. Прокурор сондай-ақ қылмыстық істерді онлайн-режимде тергеуді қадағалап, тиісті нұсқау бере алады немесе заңсыз шешімді жедел жоя алады.

Жақын арада жас тергеуші үшін пайдалы болатын, оны қажетті тергеу әрекеттерін жүргізуге және заңды шешімдер қабылдауға бағыттайтын «Тергеушінің зияткерлік көмекшісі» жаңа бағдарламасын іске асыру және енгізу жоспарлануда.

Сондай-ақ «Офлайн-қосымша» бағдарламасы енгізілді. Оның көмегімен тексерулер жүргізіледі, схемалар жасалады, қылмыстардың іздері жазылады, жауап алу және басқа да тергеу әрекеттері тікелей қылмыс орнында жүргізіледі.

Бейне форматта тергеу әрекеттерін жүргізудің қысқаша хаттамасын енгізу іс жүргізу құжаттарын дайындау уақытын едәуір қысқартады және соның салдарынан тергеушілер мен анықтаушыларға жүктемені азайтады.

Бауыржан Әбенов қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы инновациялар аса маңызды стратегиялық міндеттер кешенін шешуге, сыбайлас жемқорлықты, бюрократияны, тергеудегі әуре-сарсаңды азайтуға, сот төрелігінің сапасын, жылдамдығын және ашықтық деңгейін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру