Қостанай облысы бойынша ҚАЖД-да "Үміт - 2025" облыстық қолданбалы өнер байқауы ұйымдастырылды
Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде "Үміт - 2025" облыстық қолданбалы өнер байқауы ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл шара сотталғандардың шығармашылық қабілеттері мен жасампаздық әлеуетін көрсетуге арналған ерекше алаңға айналды. Байқаудың басты мақсаты – сотталғандарды эстетикалық тұрғыда тәрбиелеу, олардың табиғаттың әсемдігін, өнер туындыларын, әдебиет пен кескіндеменің тереңдігін түсіне білу қабілетін дамыту. Сонымен қатар олардың эстетикалық талғамын қалыптастырып, қоршаған ортаға деген жанашырлық көзқарасын қалыптастыруға ықпал ету болды.
Байқау барысында сотталғандар өздерінің ішкі жан дүниесін ашып, шығармашылық жолымен ойларын жеткізетін түрлі жұмыстарын ұсынды. Олардың қолынан шыққан суреттер мен қолданбалы өнер туындылары терең мазмұны және шеберлігімен ерекшеленді.
Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған жұмыстар авторлары арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің 128-129-баптарына сәйкес, үздік шығармаларымен танылған сотталғандарды көтермелеу мәселесі қарастырылатын болады.
Бұл байқау шығармашылықтың шексіз мүмкіндіктерін ашып, сотталғандарға жаңа өмірге деген үміт сыйлайтын маңызды қадамдардың бірі ретінде ерекше мәнге ие болды.