Қостанай облысы ПД бастығы Алтынсарин ауданына жұмыс сапарымен барды
Қостанай облысы ПД бастығы Алтынсарин ауданына жұмыс сапарымен барды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді іске асыру аясында Қостанай облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин Алтынсарин ауданына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында генерал Файзуллин азаматтарды жеке қабылдады. Өтініштердің бірі — Бакиров атындағы балалар лагерінің директоры Зинаида Уакбаеваның ұсынысы болды. Ол Рудный балалар үйінің тәрбиеленушілері демалатын лагерьде тәулік бойы кезекшілік ету үшін полиция қызметкерлерін бөлуді сұрады.
— Объектілерді тәулік бойы бақылау – күзету қызметін жүзеге асыруға тиісті лицензиясы бар жеке күзет ұйымдарының немесе өзге де уәкілетті құрылымдардың құзыретіне жатады. Сонымен қатар полиция қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тұрақты патруль ұйымдастыру, ықтимал оқиғаларға жедел әрекет ету және лагерь жұмыс істеп тұрған кезеңдегі жағдайды бақылау секілді қажетті шараларды қабылдауға дайын, — деді Ерлан Файзуллин.
Сонымен қатар сапар аясында полиция департаментінің бастығы Алтынсарин ауданының әкімі Арнұр Сартовпен кездесті.
Кездесу барысында қауіпсіздік инфрақұрылымын жақсарту, соның ішінде қосымша бейнебақылау камераларын орнату және аудандық полиция бөлімінің материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері талқыланды.
Сапар барысында полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесуге ерекше көңіл бөлінді. Ерлан Файзуллин профилактикалық жұмысты күшейтудің, заңдылықты нығайтудың және Ішкі істер министрлігі жариялаған “Профилактика” аясында халықпен өзара іс-қимылды жақсартудың маңыздылығын атап өтті,
— Бүгінгі біздің жұмысымыздың негізгі бағыты — профилактика. Басты міндет — құқық бұзушылыққа себеп болатын факторларды анықтап, оның алдын алу және оларды жою, — деп атап өтті ол.
Сапар қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар берілді: профилактикалық қызметті күшейту, халықпен тиімді өзара іс-қимылды жолға қою және полиция органдары қызметінің тиімділік өлшемі ретінде “Заң мен Тәртіп” қағидатын ұстану.